Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин TRAMITE GROUP негізін қалаушы, Қазақстан-Италия сауда-өнеркәсіп палатасының өкілетті өкілі Джанантонио Траметпен кездесті, деп хабарлады primeminister.kz.
Талқыланған негізгі тақырып – итальялық инвесторлардың екі ел арасындағы сауда-экономикалық әріптестікті кеңейтуде ауыл шаруашылығы өнімін жеткізудің интеграцияланған жүйесін қалыптастыру жөніндегі бастамасы.
Джанантонио Трамет TRAMITE GROUP-ты жетекші еуропалық бөлшек сауда желісіндегі 30 жылдан аса тәжірибесі бар итальялық азық-түлік нарығының көшбасшысы ретінде таныстырды. Компания «Астана» халықаралық қаржы орталығының (АХҚО) базасында тіркелетін Италия-Қазақстан сауда консорциумы мен инвестициялық қорын құруға бастамашы болуда. Жобаның бастапқы капиталы €500 млн көлемінде. Консорциумның болжамды жылдық айналымы €1 млрд-қа жетеді. Қор меншігінің құрылымы италиялық венчурлік инвесторлар мен SIMEST (CDP Group еншілес құрылымы) үшін 51%, қазақстандық «Бәйтерек» холдингі үшін 49%.
Жоба мақсаты – қазақстандық өндірушілердің Еуропа мен басқа аймақтардың нарығына шығуына мүмкіндік беретін сенімді логистикалық және инвестициялық платформа құру. Экспортта астық, ет, өсімдік майы, бұршақ дақылы, сүт өнімі, кептірілген жеміс, көкөніс пен жеміс пюресі бар. Сауда аймағы ЕО, Ресей, ТМД, Қытай, Оңтүстік-Шығыс Азия, Парсы шығанағы мен АҚШ елдерін қамтиды.
Вице-премьер Серік Жұманғарин Қазақстанда қолайлы инвестициялық ахуал қалыптастыру басты назарда екенін атап өтті.
«Ел Үкіметі инвестициялық жобаларды табысты іске асыруға ықпал ететін оңтайлы жағдай жасауға бар күшін салуда. Біз еліміздің агроөнеркәсіп кешенін дамытуға арналған Қазақстан-Италия инвестициялық қорын құру бастамасын қолдауға толық дайынбыз. Бұл жоба экспорттық әлеуетті арттыру мен экономикалық байланысты нығайтуда едәуір ынталандыру болмақ. Біздің ынтымақтастығымыз өзара тиімділік пен стратегиялық сенімге негізделген жемісті халықаралық әріптестіктің жарқын үлгісі болатынына сенімдімін», — деді Серік Жұманғарин.
Вице-премьер ҚР Сауда және интеграция министрлігіне өзара іс-қимылды арттыру үшін бірлескен жобаларды одан әрі талқылап, іске асыруда қазақстандық және итальяндық өндірушілерді біріктіретін сауда-экономикалық миссияны жедел ұйымдастыруды тапсырды.
Сурет: primeminister.kz