Біріккен Ұлттар Ұйымының Азық-түлік және ауыл шаруашылығы жөніндегі (ФАО) ұйымы Қазақстанның Ветеринария бойынша ұлттық референттік орталығына Applied Biosystems компаниясы шығарған SeqStudio Flex 8 жоғары дәлдіктегі генетикалық анализаторын табыстады, деп хабарлады Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі.
Бұл жабдық сібір жарасы, эмкар және бруцеллёз сияқты қауіпті жұқпалы ауруларды диагностикалау үшін қолданылады.
«Біз ФАО-ның қолдауын жоғары бағалаймыз және «Біртұтас денсаулық» тұжырымдамасы аясында жемісті ынтымақтастықты жалғастыруға дайынбыз. Жаңа анализатор аса қауіпті жұқпалы аурулардың қоздырғыштарын молекулалық-генетикалық дәл сәйкестендіруге мүмкіндік береді. Патогендерді генотиптеу — олардың шығу көзін және таралу жолдарын анықтауда, әсіресе эпизоотиялық ахуал мен трансшекаралық қауіптер жағдайында өте маңызды», — деді Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалин.
Анализатор бактерияны анықтаудың негізгі әдістерінің бірі — 16S rRNA генін секвенирлеуге мүмкіндік береді. Сенімді техникалық қолдау мен шығын материалдарын тұрақты жеткізу мүмкіндігі SeqStudio Flex 8 құрылғысын ветеринариялық зертханаларда қолдануға оңтайлы етеді.
Анализатордың табысталуы — ФАО мен Қазақстан арасындағы табысты ынтымақтастықтың тағы бір айғағы. Бұл серіктестік адамның, жануарлардың және қоршаған ортаның денсаулығын біріктіретін «Біртұтас денсаулық» тұжырымдамасын іске асыруға бағытталған.
Сурет: АШМ