Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ермек Кенжеханұлы Иран Ислам Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Әли Акбар Джоукармен кездесті, деп хабарлайды Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі.
Тараптар ауыл шаруашылығы саласындағы екіжақты ынтымақтастықтың негізгі мәселелерін талқылады.
Ермек Кенжеханұлы басым бағыттардың бірі аграрлық сектордағы инвестициялық жобаларды іске асыру екенін атап өтті.
«Біз Қазақстан мен Иран арасындағы АӨК өнімдерінің инвестициялық көрсеткіштері мен тауар айналымын арттыруға күш саламыз. Сондай-ақ еліміздің аумағында жобаларды іске асыруға мүдделі ирандық инвесторларға қажетті қолдау көрсетуге дайынбыз. 2022 жылы біз Иранға 1 млн тонна астық экспорттадық. Бұл рекордтық көрметкіш. Сіздермен басқа да маңызды бағыттарда жұмыс істегіміз келеді» , — деді вице-министр.
Кездесуде тараптардың өзара іс-қимылына негіз бола алатын басымдыққа ие салалар айқындалды. Олардың ішінде азық-түлік өндірісі, өсімдік шаруашылығы бар.
Әли Акбар Джоукар Қазақстан-Иран қарым-қатынасын одан әрі дамытудың маңыздылығына тоқталып, Қазақстанның балық өнеркәсібіне қызығушылық танытты.
Кездесуге қатысушылар белсенді байланыс орнатуға және барлық өзара тиімді бастамаларды талқылауға дайын екендерін білдірді.
Кездесу соңында Ермек Кенжеханұлы Иран елшісі мен әлеуетті инвесторларды қазан айында Астанада өтетін «KazAgro & KazFarm» халықаралық көрмесіне қатысуға шақырды.
Сурет АШМ сайтынан