Мемлекет басшысы Республика күніне орай өткен салтанатты жиында сөз сөйледі. Қасым-Жомарт Тоқаев салтанатты жиында қазақстандықтарды ұлтымыздың ең ұлық мерекесімен құттықтап, бұл азаттықтың алтын қазығын қаққан күн екенін атап өтті. Президент еліміздің Егемендігі туралы декларация қабылданған күнді қасиетті Тәуелсіздігіміздің бастауына балады.
Еліміз үшін үлкен басымдыққа ие салаларды атаған Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығының даму қарқынына да тоқталды.
«Бұл – азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету тұрғысынан айрықша маңызды сала. Қазақстан әлемдік азық-түлік нарығындағы рөлін күшейте береді. Қазір күзгі жиын-терім науқаны аяқталып қалды. Диқандар қауымына шынайы ризашылық білдіремін. Көктемгі тасқынға қарамастан 26 миллион тоннадан астам астық жиналды. Мұны рекордтық көрсеткіш деуге болады. Бұған мемлекет тарапынан көрсетілген нақты көмек те септігін тигізгені анық. Биыл көктемгі егіс науқанына берілетін арзан несие көлемі үш есе көбейді. Ауыл шаруашылығы техникасын лизинг арқылы алуға қосымша қаражат бөлінді. Жалпы, агроөнеркәсіп кешенінде 865 жоба жүзеге асырылмақ. Оның құны – 2,6 триллион теңге», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Фото: Ақорда