Павлодар облысының Ақсу қаласында 2 410 гектар ауыл шаруашылығы жері үшінші тұлғаларға заңсыз берілгені анықталды. Қазіргі уақытта жер мемлекет меншігіне қайтарылды. Бұл туралы облыс прокуратурасы хабарлады.
«Тек мал жаюға арналған жер учаскелері үшінші тұлғаларға басқа мақсаттарда берілгені анықталды, бұл жайылымдардың тапшылығына әкелді. Қазіргі уақытта аталған аумақтар арнайы жер қорына енгізіліп, мақсатына сәйкес бөлінетін болады», — делінген прокуратура таратқан хабарламада.
Бұған дейін Жамбыл облысында ауыл шаруашылығы жерлерін пайдалану ережелерін бұзғаны үшін 274,9 га жайылымдық жер қайтарылған болатын. Жер ресурстарын басқару комитетінің хабарлауынша, заң бұзушылықтар ауыл шаруашылығы өндірушілерінің бірін жоспардан тыс тексеру кезінде анықталған.
«Тауарлы ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін берілген жалпы ауданы 1 883 га жер учаскесінің бір бөлігі нысаналы мақсатқа сай пайдаланылмағаны анықталды. Жер пайдаланушы жайылымдық жерлерді жыртып, егін егуге пайдаланған, бұл жер заңнамасының талаптарын бұзу болып есептеледі», — делінген ведомство таратқан ақпаратта.
Фермер көрсетілген мерзімде заң бұзушылықтарды түзету туралы бұйрықты орындамағандықтан, сот жер телімін мемлекет меншігіне мәжбүрлі түрде қайтарып алу туралы шешім шығарды.
Сурет: Agrotrend.kz
















































