Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Қызылорда облысына жұмыс сапарымен барып, шегірткеге қарсы күрес шараларының барысымен танысты, деп хабарлады министрліктің баспасөз қызметі.
Арал ауданында министр ауыл тұрғындарымен, фермерлермен және мердігер ұйым өкілдерімен кездесу өткізді. Министрге облыс аумағында атқарылып жатқан жұмыстардың бекітілген кестеге сай жүргізіліп жатқаны, техника мен препараттардың жеткілікті екені баяндалды.
Жалпы, өңірде итальялық шегірткенің таралуын анықтау мақсатында 448,3 мың гектар жерге зерттеу жүргізіліп, оның 19 мың гектары экономикалық зияндылық шегінен асып кеткені анықталған. Қазіргі таңда 11,2 мың гектар алқап өңделді. Өңделіп жатқан аумақтардың басым бөлігі Арал ауданына тиесілі.
Өңдеуге заманауи агрохимиялық препараттар, 20-дан астам арнайы техника тартылған. Атап айтқанда, 4 әуе кемесі, 12 жерүсті агрегаты, 5 дрон және басқа да жабдықтар жұмылдырылған.
«Өңірге егіс науқанының барысымен танысып, шегірткеге қарсы жүргізіліп жатқан жұмыстардың сапасын тексеру үшін келдім. Мердігер компаниялар ұшақпен өңдеуге ауа райы қолайсыз деген уәж айтуда, бірақ бұл сылтау болмауы керек. Барлық өңдеу жұмыстары уақытында және сапалы жүргізілуі тиіс. Мердігерлер бақылауды күшейтіңіздер. Қажет болса, техника мен өңдеу көлемін арттырсын. Препараттар жеткілікті. Егер жұмысты уақытылы орындамаса, тиісті шара қолданыңыздар. Шегіртке қанаттанып үлгермеуі керек. Бұл мәселе бақылауда«, – деді Айдарбек Сапаров.
Министр бұған дейін Түркістан және Жамбыл облыстарына да барып, химиялық өңдеу жұмыстарының барысымен танысқан болатын.
Сурет: АШМ