«Аграрлық несие корпорациясы» АҚ мал шаруашылығы саласындағы сақтандыру шарттары бойынша сақтандыру сыйақыларын субсидиялауға өтінімдерді қабылдау қайта басталғаны туралы хабарлады. 2025-жылдың 28-қарашасынан бастап фермерлер мемлекеттік қолдауды қайтадан пайдалана алады және сақтандыру полисінің құнын ішінара өтей отырып, жануарлар мен құстарды сақтандыруды рәсімдей алады.
Ерікті сақтандыру жүйесі аясында фермерлер ел аумағында ірі қараларын, ұсақ малдарын, жылқысы мен шошқасын және құстарын сақтандыра алады. Сақтандыру полисі құнының 80%-ын мемлекет субсидиялайды, ал 20%-ын фермерлер өздері төлейді.
Сақтандыру өнімдері түрлі тәуекелдерді қамтиды:
- жануарлардың жұқпалы және аса қауіпті аурулары;
- өрт және табиғи апаттар;
- үшінші тұлғалардың қасақана жасаған әрекеттері;
- жарылыс, найзағай түсу, тұншығу, жыртқыштардың шабуылы, жылан немесе жәндіктердің шағуы және басқа да жазатайым оқиғалар.
Сақтандыруға өтінімді Kezekte.kz платформасында орналасқан Агроөнеркәсіп кешендегі сақтандырудың ақпараттық онлайн жүйесі арқылы беру керек.
«Аграрлық несие корпорациясы» АҚ фермерлердің тәуекелдерден қорғанудың заманауи құралдарына қолжетімділігін қамтамасыз етеді және салалық тұрақтылықты арттыруға ықпал ете отырып, Қазақстанның аграрлық секторын дамытуға қолдау көрсетуді жалғастырады.
Сурет: Agrotrend.kz















































