Қазақстанда мал шаруашылығы саласындағы агробизнесті дамыту мен қолдауға бағытталған 2026–2030 жылдарға арналған кешенді жоспарды әзірлеу жұмыстары басталды. Құжатта саланың мемлекеттік саясаттағы негізгі бағыттары, қолдау тетіктері және әлеуметтік шаралар қарастырылған. Бұл туралы Премьер-Министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин депутаттық сауалға берген жауабында мәлімдеді.
Вице-премьердің айтуынша, жоспардың маңызды бөлігі – сала қызметкерлерінің әлеуметтік жағдайын жақсарту. Атап айтқанда, малшылар үшін зейнеткерлік жасты төмендету, олардың балаларына тегін жоғары білім алу құқығын беру, сондай-ақ әскери қызметтен босату мәселесін қарастыру көзделіп отыр.
Сонымен қатар, қаржылық қолдау шаралары да кеңейтіледі. Атап айтқанда:
• мал шаруашылығын дамытуға жылдық 5 пайызбен жеңілдетілген несие беру;
• асыл тұқымды мал сатып алуға арналған 5 пайыздық несие өнімін енгізу;
• «Даму» қоры арқылы 80 пайызға дейін кепілдік беру тетігін пайдалану;
• жаңадан бастаған фермерлерге жер бөлу рәсімдерін жеңілдету қарастырылған.
Серік Жұманғариннің айтуынша, бұл шаралар мал шаруашылығының тұрақты дамуына, ауыл халқының жұмыспен қамтылуына және табысын арттыруға, сондай-ақ елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
– Аталған бастамалар ауылдағы еңбек жағдайын жақсартып, саланың өнімділігін арттыруға және агроөнеркәсіп кешенінің бәсекеге қабілеттілігін күшейтуге бағытталған, — деді С.Жұманғарин.
Кешенді жоспардың іске асатын болса мал басы көбейеді, өнім өндіру көлемі артады, ауыл экономикасы мен әлеуметтік жағдай жақсарады.
Сурет: Agrotrend.kz














































