LEPSI 2025 халықаралық мал шаруашылығы көрмесінде Ұлыбританияның Қазақстандағы елшісі Кэти Лич ханыммен кездескен едік. Көрмеден алған әсерін білдік, салаға қатысты сұхбаттасып, пікірін тыңдадық.
– Сізге көрме ұнады ма?
– Иә, көрме маған өте ұнады. Ең алдымен Лепсі ерекше әсер қалдырды. Жоңғар Алатауындағы бұл керемет әрі сиқырлы мекен көз тартарлық! Сондай-ақ ауыл шаруашылығы саласындағы соңғы трендтерді сарапшылардан есту қызықты болды, өңірдің ірімшігі мен балы сияқты өнімдерінен дәм татып, асыл тұқымды жануарларды көру әсерлі болды. Әсіресе Ангус пен Герефорд бұқалары, Саффолк қойлары – біз мақтан тұтатын тұқымдар. Сонымен қатар, «Eurasia Group Kazakhstan» компаниясының көрмеде JCB тракторын ұсынғанын көріп қуандым.
– Көрмедегі мал тұқымдары жайлы ойыңыз қандай?
– Ангус пен Герефорд тұқымды бұқаларды, сондай-ақ Саффолк қойларын көргеніме ерекше мақтандым. Бұл тұқымдар өздерінің артықшылығын ғасырлар бойы дәлелдеген. Олар төзімді, өсіруге оңай және жоғары сапалы ет береді. Сол себепті олар бүкіл әлемге кеңінен таралған. Сонымен қатар қазақ қой тұқымдарын, соның ішінде атақты Еділбай тұқымын көру де өте қызықты болды. Бұл қойлардың барлығының ерекше белгісі – құйрықтылығы, ол тамақ әзірлеуге қажетті май береді және қатал қысқа төтеп беруге көмектеседі. Сондай-ақ, дәстүрлі тұқымдармен салыстырғанда әлдеқайда ірі жаңа қазақы қой тұқымы қатты әсер қалдырды. Бұл өте қызық әрі үлкен жетістік деп ойлаймын.
– Жалпы Қазақстанның ауыл шаруашылығы жайында қандай пікірдесіз?
– Менің ойымша, Қазақстанның ауыл шаруашылығы саласы үлкен әлеуетке ие. Елдің кең-байтақ жері мен тарихы оны ауыл шаруашылығы саласындағы жетекші күшке айналдыруға мүмкіндік береді. Қазақстан қазірдің өзінде ішкі және сыртқы нарыққа азық-түлік жеткізетін ірі өндірушілердің бірі. Сонымен қатар, белгілі бір тәуекелдер де бар: климаттың өзгеруі, азайып бара жатқан су ресурстарын тиімсіз пайдалану, өндірістік ауыл шаруашылығы әдістерін шамадан тыс қолдану нәтижесінде жердің тозуы немесе шөлге айналуы – бұл бүгінде барлық елдер үшін өзекті мәселелер. Алайда, құрғақ климаттық белдеуде орналасқан Қазақстан үшін суды үнемдеп пайдалану мен топырақты қалпына келтіру ерекше маңызды. Сондықтан жаңа тәсілдер мен технологияларды енгізу арқылы тиімділікке баса назар аудару қажет. Ғылым мен заманауи технологияны пайдалану – ет сапасын, сүт өнімділігін арттырып, жайылым жерлердің тозбауын қамтамасыз ете алады. Бұл мәселелерді шешу жолында бөлісе алатын тәжірибеміз бен технологияларымыз бар деп есептейміз. Қазір Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы (FAO) Қазақстанда белсенді жұмыс істей бастады. Бұл ұйымның сарапшылары фермерлерге үлкен қолдау көрсете алады деп ойлаймын.
– Өз еліңіздегі мал шаруашылығымен салыстырып көрдіңіз бе?
– Мойындаймын, мен бұл саланың маманы емеспін, бірақ статистиканы салыстыруды ұнатамын. Ол саланың құрылымы, тиімділігі мен табыстылығынан көп хабар береді. Әрине, Қазақстан мен Ұлыбританияның климаты әртүрлі, бұл мал шаруашылығына да әсер етеді. Бірақ қуанышқа орай, біздің Ангус пен Герефорд тұқымдары Қазақстанның қарлы қысында да жақсы бейімделіп жатыр. Қазақстан да Ұлыбритания сияқты ауыл шаруашылығы жерлерінің басым бөлігін мал жайылымына немесе мал азығын өсіруге пайдаланады. Бірақ бізде сүт өндірісі – өте маңызды сала және бұл бағытта әлемдік көшбасшылардың қатарындамыз. Біз шағын ел болсақ та, жылына шамамен 15 миллион тонна сүт өндіреміз. Бұл бізді әлем бойынша 11-орынға шығарады. Өнімділіктің жоғары болуы – тиімді өндіріс процесінің нәтижесі: әлемдік орташа көрсеткіш шамамен бір сиырдан жылына 2 500 литр болса, Ұлыбританияның көрсеткіші бір сиырдан жылына 8 148 литр сүт. Салыстырмалы түрде Қазақстан жылына шамамен 6 миллион тонна сүт өндіреді. Меніңше, бұл көрсеткішті арттыруға мүмкіндік зор.
– Бұл жақтағы мал етінің, сүтінің дәмі мен сапасы туралы не айтасыз?
– Маған Қазақстанның тағам өнімдерінің дәмі өте ұнады. Әсіресе еттің дәмі ерекше! Жеке өзім қой етін ұнатамын. Қой етінен жасалған кәуәп менің сүйікті тағамдарымның бірі. Сонымен қатар асылған ет пен қурдақты да жақсы көремін. Жаңа өндірушілер өнім сапасына назар аударып жатқанына қуандым. Тағы бір сүйікті тағамым – қаймақ керемет дәмді!
Сұхбаттасқан Қанат Тұрар