Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау мақсатында Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин агроөнеркәсіптік кешендегі жобаларды кең ауқымда тарату және инфляцияны тежеу мәселелері бойынша жиын өткізді, деп хабарлады Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі.
Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ермек Кенжеханұлы агроөнеркәсіп кешенінің 12 бағыты бойынша 202 жобаны қамтитын 2025–2027 жылдарға арналған «Инвестицияға тапсырыс» тұжырымдамасын таныстырды.
«Біз «Инвестицияға тапсырыс» тұжырымдамасын әзірледік. Ол 202 жобадан тұрады және ішкі нарықты сұранысқа ие азық-түлікпен қамтамасыз етуге, сондай-ақ импортты алмастырудан экспортты дамытуға көшуге мүмкіндік береді», — деді Ермек Кенжеханұлы.
Тұжырымдаманың негізгі бағыттары – импортқа тәуелділігі жоғары өнімдерді өндіру. Олар – құс еті (қамтамасыз етілу деңгейі – 79%), ірімшік пен сүзбе (52%), қант (33%), шұжық өнімдері (60%), балық өнімдері (67%). Қалған жобалар астықты, картопты, жеміс-көкөніс дақылдарын, тері мен жүнді терең өңдеуге, сондай-ақ сүт-тауарлы фермалар, жылыжай кешендері мен қоймалар салуға бағытталған.
Сурет: АШМ