«Мақта және бақша дақылдары ауыл шаруашылығы тәжірибе станциясы» ЖШС «Мақтаарал-5030» деп аталатын жаңа мақта сортын сынақтан өткізу кезеңін аяқтап жатыр. Енді патент алу жоспарланып отыр, деп хабарлады Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі.
Сынақ нәтижелері бұл сұрыптың жоғары агрономиялық әлеуетке ие екенін көрсетті. Вегетациялық кезеңі — 110–115 күн. Шикі мақтаның өнімділігі — гектарына 43,5 центнер, бір қауашақтағы мақта массасы — шамамен 6,1–6,2 грамм. Талшық шығымы — 39,7%, ұзындығы — 33,5 мм, микронейр — 4,5, бұл тоқыма өнеркәсібіне қажетті сапа талаптарына толық сәйкес келеді.
Мамандардың ерекше назарын аудартқаны — бұл мақта сорты вилт ауруына өте төзімді келеді.
Морфологиялық белгілері бойынша «Мақтаарал-5030» — бұталары жайыла өсетін, биіктігі 120 см-ге дейін жететін өсімдік. Симподиальды бұтақтар 4–5-ші буында қалыптасады. Өсімдіктің жапырақтары — ірі, жасыл түсті. Қауашақтары 4–5 қалақшалы, дөңгелек пішінді, пісіп-жетілгенде жақсы ашылады. Талшығы — ақ әрі таза. 1000 тұқымның салмағы — шамамен 125 грамм.
Бұл сорт агротехникалық жағдайларға, әсіресе ерте себу мерзімдерінде жақсы бейімделеді. Ұсынылатын егіс схемасы — 90×1×10. Машинамен жинауға ыңғайлы. Орташа тұзданған және құнарсыз топырақтарда өсімдіктердің жиілігін гектарына 130–135 мың данаға дейін жеткізу ұсынылады.
2024 жылдан бастап «Мақтаарал-5030» сорты Қазақстанда аудандастыруға рұқсат етілген сорттар тізіміне енгізілді.
Сурет: АШМ