Ерейментау ауданының Торғай ауылында ет кластерін құру жөніндегі инвестициялық жобаны іске асыру жалғасуда. Жоба аясында облысқа асыл тұқымды қалмақ сиырының 4 300 басы жеткізілді, деп хабарлады Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі.
Бұл бастаманы жүзеге асыру үшін «Торғай» ЖШС, «Соколинки и К» ЖШС және «Агрофирма НОМАД» ЖШС қатысуымен консорциум құрылды. Қалмақ тұқымы ет бағытындағы мал санатына жатады және жоғары өнімділігімен, жайылымдық жағдайда ұстауға бейімділігімен, сондай-ақ қатаң климаттық жағдайларға төзімділігімен ерекшеленеді. Әкелінген малдың барлығы қажетті ветеринариялық рәсімдерден өтіп, есепке қойылды.
Алдағы уақытта қосымша тағы 5 мың бас асыл тұқымды аналық ірі қара мал әкелу жоспарланып отыр. Инвесторлардың жоспарларына сәйкес, 2031 жылға дейін асыл тұқымды репродукторлардағы ірі қара мал саны 22,5 мың басқа дейін жеткізіліп, бордақылау кешенінің қуаттылығы 30 мың басқа дейін артпақ.
Ет кластерін іске асыру асыл тұқымды мал өсіруден бастап, бордақылау және жоғары сапалы сиыр етін өндіру мен өткізуге дейінгі тұрақты өндірістік тізбекті қалыптастыруға бағытталған. Жоба өңірдің ет өнімдері нарығындағы позициясын нығайтып, агроөнеркәсіп кешенінің экспорттық әлеуетін арттыруға және Ерейментау ауданы тұрғындары үшін жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді.
Айта кету керек, Ерейментау ауданы жайылымдық ресурстарға өте бай. Мұнда облыстағы ең ірі жайылымдық алқаптардың бірі шоғырланған, бұл мал шаруашылығын дамытуға қолайлы. Қазіргі уақытта ауданда «Жаңа Береке репродуктор» және «Ерейментау – Астық 2014» ірі бордақылау алаңдары, сондай-ақ мал басы 100-ден 550 басқа дейін жететін бірқатар орта және ірі ет фермалары жұмыс істейді.
Ет кластерінің дамуы Ақмола облысының аграрлық әлеуетін нығайтудағы маңызды қадам.
Сурет: АШМ












































