Қазақстанда ауыл шаруашылығы жануарлары үшін пробиотикалық әсері бар жоғары қоректік және жеңіл сіңімді құрама жем өндіру технологиясы әзірленуде. Жобаны Қазақ ұлттық тамақ және қайта өңдеу өнеркәсібі ғылыми-зерттеу институтының ғалымдары жүзеге асырып жатыр. Жаңа технология жем-шөп құнын төмендетуге, мал өнімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
«Жоба аясында ет өңдеу өнеркәсібінің қалдықтары — ет-сүйек, қан және сүйек ұнын, сондай-ақ гидролизаттарды қоса алғанда жануарлардан алынатын табиғи ақуызды шикізатты пайдалану ұсынылды. Бұл компоненттер толық ақуыздың, маңызды аминқышқылдарының және минералдардың көзі», — деп хабарлады министрліктің баспасөз қызметі.
Әзірленіп жатқан технология әртүрлі физика-химиялық сипаттамалары бар шикізатты өңдеу ерекшеліктерін ескереді және ұнтақтау, мөлшерлеу және араластыру процестерін оңтайландыруға бағытталған. Бұл құрама жемдердің біртектілігі мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, жем-шөп құрамына микрофлораны тұрақтандыруға, қоректік заттардың сіңімділігін арттыруға, метаболизм процестерін жақсартуға және ірі қара малдың асқазан-ішек жолдарының ауруларының қаупін азайтуға көмектесетін пробиотикалық қоспалар қосылады.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, көп ақуызды шикізатты пробиотиктермен бірге қолдану жануарлардың өнімділігін арттыруға, жем-шөптің конверсиясын жақсартуға және қоректік заттардың жоғалуын азайтуға бағытталған.
Сурет: АШМ













































