Аграрлық несие корпорациясы агроөнеркәсіп кешені саласында сақтандыру бойынша операторлық қызметтер көрсетуді жалғастырып келеді, деп хабарлады компанияның баспасөз қызметі.
Kezekte.kz сайтында фермерлер үшін құрғақшылық тәуекелінен егістіктерді сақтандыру шарттарын жасауға өтінімдер қабылдануда. Бұл қызмет Абай, Ұлытау, Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарының шаруаларына қолжетімді.
2026 жылғы 1 сәуірге дейін дәнді дақылдарды сақтандыруға өтінімдер қабылданады, ал майлы дақылдар үшін — 2026 жылғы 15 сәуірге дейін (қоса алғанда). 2026 жылғы маусымға арналған жаздық дақылдарды құрғақшылықтан сақтандыру туралы барлық ақпарат Kezekte.kz порталындағы Qalqan онлайн сақтандыру сервисінде қолжетімді.
Қазақстанда мал шаруашылығы саласында сақтандыру жыл бойы жүзеге асырылады. Фермерлер еліміздің барлық аумағында ірі қара, ұсақ мал, жылқы, шошқа және құс шаруашылығын сақтандыра алады.
Сақтандыру тарифінің мөлшері сақтандырылатын мал басының санына байланысты болады: жалпы талап бойынша кемінде 30 бас болуы тиіс, ал ірі қара мал үшін ең аз саны 10 бас.
Сақтандыру келісімшартын жасасудан бастап төлемдерді алуға дейінгі барлық рәсімдер Kezekte.kz платформасында орналасқан Qalqan ақпараттық жүйесі арқылы онлайн түрде жүргізіледі. Бұл үшін қатысушыда электрондық цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) болуы қажет.
Мал шаруашылығы саласындағы сақтандыру өнімдері көп тәуекелді болып келеді. Аграрлық несие корпорациясы фермерлерге келесі тәуекелдерден қорғануды ұсынады: жұқпалы және аса қауіпті аурулар, өрт, үшінші тұлғалардың заңсыз әрекеттері, қауіпті табиғи немесе стихиялық құбылыстар, сондай-ақ жазатайым жағдайлар (жарылыс, найзағай түсуі, тұншығу, жыртқыштардың шабуылы, жылан немесе жәндіктердің шағуы, өмірге қауіпті жарақаттар және басқа да жағдайлар).













































