Қазақстанда 2025 жылы егін егуге 2,3 млн тонна тұқым қажет болса, оның 99%-ы дайын. Сондай-ақ, өңірлердің алдын ала ақпараты бойынша, ауыл шаруашылығы техникасының көктемгі егін егу жұмыстарына дайындығы бүгінгі күні шамамен 56%-ды құрайды, деп хабарлады Үкіметтің баспасөз қызметі.
Вице-премьр-Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен Үкіметте егін егуге және шегірткеге қарсы күреске дайындық мәселелері талқыланды.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, 2024-жылдың 29- қарашасында басталған ерте қаржыландыру аясында 671 ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге 100 млрд теңгенің 70 млрд теңгесі төленді. Бұл құралды астық егетін өңірлердің: Ақмола, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарының фермерлері барынша белсенді пайдаланды. Ал көктемгі егін егу жұмыстары ерте басталатын Түркістан, Жамбыл және Жетісу облыстарында өтінімдер пулы небәрі 10 млрд теңгені құрады.
Сондай-ақ, биыл шегірткеден қорғау үшін егіс алқаптарын өңдеуге арналған техниканың саны екі есеге артатыны атап өтілді. Жерүсті бүрку техникасы мен ҰҰА-ны сатып алудың қолжетімділігі үшін ауыл шаруашылығы өндірушілері мен химиялық өңдеу жөніндегі қызметтерді жеткізушілерге оның құнының 25%-ы өтеледі. Ол үшін Аауыл шаруашылығы министрлігі инвестициялық субсидиялау қағидаларына тиісті өзгерістер енгізді.
Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ермек Кенжеханұлының айтуынша, егер 2024-жылы егістіктерді химиялық өңдеу жұмыстарына 247 техника пайдаланылса, 2025-жылы 443 техника қолдану жоспарланған. Олардың ішінде Ауыл шаруашылығы министрлігі «Фитосанитария» РМК өңірлік бөлімшелері үшін сатып алған 46 агродрон және егістіктерді зерттеуга арналған тағы жеті ҰҰА бар.
Сурет: Agrotrend.kz