Абай облысы әкімінің орынбасары Думан Оспанов Ақсуат ауданына жасаған іссапарында “Көкжыра” өндірістік кооперативінің және “Серікжан” шаруа қожалығының жұмыстарымен танысты. Онда қой шаруашылығын дамытып отырған фермерлермен, малшы қауыммен пікірлесті. Бұл туралы Ақсуат ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Қазіргі таңда облыс алдында кейінгі уақытта біршама азайған қой басын қайта көбейту міндеті тұрғаны айтылды.
“Облыс әкімі Берік Уәлиұлы аймақ үшін ауыл шаруашылығы саласын дамытудың маңыздылығын және дамыған ауыл шаруашылық саласы өңірдің азық-түлік қауіпсіздігінің нақты кепілі екенін үнемі айтып келеді. Сондықтан менің келгендегі мақсатым – сіздердің пікірлеріңізді тыңдау, кейбір мәселелер бойынша кеңесу, сұрақтарыңызға жауап беру, жалпы мал шаруашылығын дамытудағы бағыттарымыздан хабардар ету. Біріншіден, қой шаруашылығымен айналысатын фермерлерге қолдау көрсету жағына басымдық береміз. Алдымен облысымыздағы қойдың санын көбейтуіміз керек. Екіншіден, қойды басқа өңірден келетін делдалдарға сатпай, облыс орталығына өткізетіндей жағдай туғызып, қаржының өз облысымыздың экономикасына құйылуын қамтамасыз етуге тиіспіз”, — деп түсіндірді шаруа қожалық иелерімен кездескен Думан Оспанов.

Семей қаласында салынып жатқан ет комбинаты осы мәселенің тиімді шешілуіне оң ықпал ететіндігі айтылды.
“Біздің өңірдің ет өндіру әлеуеті зол, бұл бағытта бірлесіп жұмыс істеуге дайынбыз”, — деді аудан әкімі Ерсін Ескендіров.
Cурет: облыс әкімдігі














































