Абай облысы әкімінің орынбасары Думан Оспанов Бородулиха ауданына жұмыс сапарымен барып, бірқатар ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының қызметімен танысты, деп хабарлады аймақ Ауыл шаруашылығы басқармасының баспасөз қызметі.
Іссапар барысында Новопокровка ауылындағы «Труд 13» ЖШС-не барды. Кәсіпорын дәнді және майлы дақылдар өсіруге маманданған.
Сондай-ақ Бородулиха ауылында орналасқан «Раушан» шаруа қожалығының жұмысы таныстырылып, мал шаруашылығын дамыту бағытындағы ісі бағаланды.
Михайличенково ауылындағы «Новая Заря» ЖШС мал және өсімдік шаруашылығын қатар дамытып отырған ірі агроқұрылым ретінде назарға алынды. Шаруашылықта симментал тұқымды етті-сүтті бағыттағы ірі қара өсіріледі.
Сапар соңында Новая Шульба ауылындағы «Лазарев и К» ЖШС қызметі таныстырылды. Бұл шаруашылық етті бағыттағы қазақтың ақбас тұқымды сиырын өсіреді. Жалпы ауыл шаруашылығы жерінің көлемі шамамен 10 мың гектарды құрайды, техника паркі толық жабдықталған, тұрақты жұмыс орындары ашылған.
Іссапар барысында Думан Оспанов аграрлық сектордағы инвестициялық жобалардың өңір экономикасына қосатын үлесі мен ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтудағы маңызы жоғары екенін айтты.
Сурет: Ауыл шаруашылығы басқармасы















































