«Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры Ұлттық экономика министрлігі мен «Бәйтерек» холдингінің қолдауымен микро, шағын және орта бизнесті қолдауға бағытталған «Өрлеу» жеңілдетілген жаңа несиелеу бағдарламасын іске қосты. Бұл туралы қордың баспасөз қызметі хабарлады.
«Жеңілдетілген жаңа несиелеу бағдарламасы бойынша түпкілікті қарыз алушы үшін сыйақы мөлшерлемесі жылдық 12,6%-дан аспайды. Бағдарлама бойынша қаражаттың жалпы көлемі 750 млрд теңгені құрайды, оның 300 млрд теңгесін қор бөледі, ал 450 млрд теңгесін екінші деңгейлі банктер тарапынан бірлесіп қаржыландыру шеңберінде тартады», – деп нақтылады қорда.
«Өрлеу» бағдарламасы инвестициялық мақсаттарға жеңілдетілген қарыз беруді, айналым қаражатын толықтыруды және 2025 жылғы 1 қаңтарға дейін берілген қолданыстағы кредиттерді қайта қаржыландыруды көздейді.
Негізгі шарттар:
- қарыздың ең жоғары сомасы — инвестицияларға 7 млрд теңгеге дейін, айналым қаражатына 3,5 млрд теңгеге дейін;
- сыйақы мөлшерлемесі — жылдық 12,6%-ға дейін;
- қаржыландыру мерзімі: инвестициялық мақсаттарға 10 жылға дейін, айналым қаражатын толықтыруға — 3 жылға дейін, кредиттерді қайта қаржыландыруға — қаржыландырылатын берешек мерзімінің қалдығынан аспайды.
«Өрлеу» бағдарламасы экономиканың басым секторларында: өңдеуші өнеркәсіп, оның ішінде тамақ өнімдерін өндіру, көлік және қоймалау және т.б. сияқты жеңілдетілген кредиттер беру арқылы кәсіпкерлік қызметті ынталандыруға бағытталған.
«Өрлеу» бағдарламасына қатысу үшін кәсіпкерлер тікелей кредиторларға жүгінуі қажет. Осы кезеңде Freedom Bank, ЦентрКредит Банкі және Halyk Bank-пен тиісті келісімдерге қол қойылды.