Алматы облысында «Қапшағай Бидай Өнімдері» деп аталатын дәнді және майлы дақылдарды терең өңдейтін жаңа агрококешен іске қосылды, деп хабарлады Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі.
Жаңа зауыт өңірдің аграрлық секторындағы ірі инвестициялық жобалардың бірі. Кәсіпорын жылына 1 миллион тоннадан астам дайын өнім өндіре алады. Жалпы инвестиция көлемі 15 миллиард теңгеден асады.
Облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев жаңа агроөнеркәсіп кешеннің іске қосылуы ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу саласының дамуына серпін беретініне тоқталды.
«Алматы облысы – еліміздің ең қарқынды дамып келе жатқан аймақтарының бірі. Географиялық тұрғыдан тиімді орналасуы, инфрақұрылымның дамуы және инвесторларға жасалған қолдау агроөнеркәсіп кешенінің тұрақты өсімін қамтамасыз етіп отыр. Біз қосылған құны жоғары өнім шығаратын және ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуді дамытатын жобаларды әрі қарай да қолдай береміз. «Қапшағай бидай өнімдері» инновациялық әрі экспортқа бағытталған өндірістің үлгісіне айналады», — деді аймақ басшысы.
Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов бұл жобаның ел Президенті қойған нақты тапсырмамен ұштасатынын атап өтті.
«Ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу – Мемлекет басшысының тапсырмасы әрі саланың басым бағыты. «Қапшағай Бидай Өнімдері» зауытының іске қосылуы бизнес пен мемлекеттің ортақ мақсатқа – ауыл шаруашылығын тиімді етуге және жоғары қосылған құны бар өнім өндіруге ұмтылысын көрсетеді. Мұндай кәсіпорындар жергілікті экономиканы нығайтып, агросектордың бәсекеге қабілеттілігін арттырады», — деді вице-министр.














































