2025-жылдың 9 айының қорытындысы бойынша 21 мың бас мал және 2,6 млн құс сақтандырылған. Бұл туралы Аграрлық несие корпорациясының баспасөз қызметі хабарлады.
126 сақтандыру шартының жалпы құны шамамен 272 млн теңгені құрап, оның 80%-ын, яғни 217,4 млн теңгесін мемлекет субсидиялаған. Ал 20%-ын (54,6 млн теңге) фермерлер төлеген.
Агроөнгеркәсіп кешендегі ерікті сақтандыру жүйесі аясында фермерлер малдары мен құстарын сақтандыра алады. Сақтандыру полисі құнының 80%-ы мемлекет есебінен жабылады, ал 20%-ын фермерлер өздері төлейді.
Сақтандыру түрлі тәуекелдерді қамтиды. Атап айтқанда, жануарлардың жұқпалы және аса қауіпті аурулары, өрт және табиғи апаттар, үшінші тұлғалардың қасақана әрекеттері, жарылыс, найзағай, тұншығу, жыртқыштардың шабуылы, жылан немесе жәндіктердің шағуы және тағы басқа да жазатайым оқиғалар.
Жазатайым оқиғалар, жұқпалы аурулар (оның ішінде бруцеллез, эмбрион инфекциясы) және табиғи құбылыстар (найзағай түсуі) сияқты жағдайларға байланысты сақтандыру компаниялары 42 млн теңгеден астам соманың төлемін жүзеге асырды.
Сурет: Agrotrend.kz











































