Абай облысының әкімі Берік Уәли Бесқарағай ауданындағы ірі агроөнеркәсіп кешен құрылымдарының бірі «Қалиқанұлы» шаруа қожалығына барды, деп хабарлады аймақ әкімдігінің баспасөз қызметі. Қожалықта 140-қа жуық адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Бесқарағай ауданы Стеклянка ауылындағы бөлімшесінде 30 адам еңбек етеді. Шаруашылықта 600 басқа арналған тауарлы сүт фермасы, сүт өңдеу цехі және жабы тұқымды 1000 бас жылқы бар. Серіктестік 2023-2025 жылдар аралығында жаңа техника мен мал сатып алып, өндірістік әлеуетін арттырған.
2024-жылы кәсіпорын агроөнеркәсіп кешен саласындағы жобаларды несиелеу бағдарламасы аясында тауарлы сүт фермасын кеңейту үшін 1 млрд теңге көлемінде жеңілдетілген несиеге ауқымды жаңғырту жұмысын бастады. Осы арқылы шаруашылық заманауи құрал-жабдықтарға қол жеткізіп, өнімділігі жоғары асыл тұқымды аналық сиыр және жаңа техникалар сатып алды.
«Қалиқанұлы» шаруа қожалығының басшысы Марат Каликов аймақ басшысына шаруашылық өндірістік қуатын жылдан жылға кеңейтіп келе жатқанын айтты. Қазіргі уақытта кәсіпорын Семей қаласындағы «Айша» серіктестігімен бірлесіп, сүт өндіру және өңдеу бағытында табысты жұмыс жүргізіп жатыр. Нәтижесінде сүт, айран, қаймақ, сүзбе, май сияқты өнімдермен қатар, шұжық өнімдерінің 20-ға жуық түрін шығарады.
Өндірісті дамыту мақсатында Германияның «ZVE Zuchtvieh-Export GmbH» компаниясымен голштино-фриз және симменталь тұқымды сиырларды жеткізуге, табынды жем-шөппен қамтамасыз ету үшін Швейцарияның «Eurasia Group AG» компаниясымен жоғары технологиялы жем-шөп дайындайтын техника алуға келісім жасалды. Сонымен қатар, Түркияның «KURTSAN» компаниясымен толық автоматтандырылған сауу залының жабдықтарын жеткізу жөнінде келісімге қол қойылды. Алдағы уақытта 160 бас ірі қараға арналған қосымша ғимарат салғалы отыр.

Облыс әкімі Берік Уәли Глуховка ауылдық округінде орналасқан «Стелла» шаруа қожалығына да барды. Шаруа қожалығы 1995-жылы құрылған. Кәсіпорынның негізгі қызметі – өсімдік шаруашылығы. Қазіргі уақытта мұнда 15 адам еңбек етеді.
Кәсіпорынның 78,2 гектарға картоп, көкөністер және жемдік дақылдар егеді. Өнімдері сыйымдылығы 1000 тонна болатын қоймада сақталады. Өндірілген дақылдар Абай, Шығыс Қазақстан облыстары мен Бесқарағай аудандарына жеткізіледі. 2010-жылы шаруашылық өз қаражатына егіс алқаптарына тамшылатып суару жүйесін орнатты. Соңғы жылдары техника паркі кеңейіп, 4 МТЗ және 2 ДТ тракторы, 2 тіркеме, 2 сорғы станциясы, доменатор, 2 картоп комбайны, культиватор, картоп және сәбіз жинау машиналары, жапырақтарды алып тастайтын құрал сатып алынды. Ауылдық округтегі өрт сөндіру бекеті де осы шаруашылық базасында орналасқан.
«Стелла» шаруа қожалығының жетекшісі Николай Косяков аймақ басшысына шаруашылықтың жер көлемін кеңейтуге қолдау көрсету жөнінде өтініш білдірді.
Глуховка ауылдық округіндегі екі бірдей шаруашылықты аралап, тыныс-тіршілігімен танысқан облыс әкімі олардың ауыл шаруашылығын дамыту, өнім көлемін арттыру және жергілікті өндірісті қолдау бағытындағы жұмыстарын жоғары бағалады. Әкімдік тарапынан тиісті көмек көрсетілетін айтты.
Сурет: облыс әкімдігі















































