«Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» ҰК» АҚ егін шаруашылығы өнімдерін форвардтық сатып алу бағдарламасы бойынша көктемгі дала жұмыстарын жүргізу үшін фермерлерді қаржыландыруға өтінімдер қабылдауды бастайды. Осы мақсаттарға шамамен 30 млрд теңге бөлу жоспарлануда, деп хабарлады Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі.
2025 жылы форвардтық қаржыландыру шеңберінде майлы дақылдар өндірісіне кредит беру лимитін ұлғайту көзделген. Алғаш рет ауыл шаруашылығы өндірушілерінен құжаттарды электрондық беру және қабылдау тетігі сынақтан өткізіледі.
«Пилоттық іске қосу сатысында Азық-түлік келісімшарт корпорациясының өңірлердегі өкілдіктері фермерлерге цифрлық өтінімдерді ресімдеуге көмектеседі. Келешекте фермерлерге Қазақстанның кез келген жерінен өтінім беруге, сондай-ақ электрондық цифрлық қолтаңбаны пайдалана отырып қажетті құжаттарды жүктеуге мүмкіндік беретін толыққанды цифрлық экожүйе құру жоспарлануда. Цифрландыру нәтижесінде өтінімдерді қарау процесінің мерзімі қысқарады, оның ашықтығы артады және қаржыландырудың қолжетімділігі қамтамасыз етіледі, бұл әсіресе шалғай аудандардағы шағын шаруашылықтар үшін маңызды», – деп хабарлады «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Асылхан Джувашев.
Бағдарламаға қатысу үшін фермерлер мен агрокәсіпорындардың ауыл шаруашылық өнімдерін өсіруде жұмыс тәжірибесі (кемінде 2 жыл) болуы тиіс. Өтінім беру кезінде шаруашылықта Азық-түлік келісімшарт корпорациясының барлық бағдарламалары бойынша қолданыстағы мерзімі өткен немесе мерзімі ұзартылған міндеттемелер болмауы керек.