Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев министрліктердің, облыс әкімдіктерінің және «Amanat» партиясының қатысуымен өңірлік даму жөніндегі жоба кеңсесінің отырысын өткізді, деп хабарлады primeminister.kz.
Отырыста «Ауыл аманаты» жобасын жүзеге асыру бойынша атқарылған жұмыстар туралы, сондай-ақ былтыр қараша айында өткен ауыл әкімдерінің диалог-платформасының қорытындысы бойынша Мемлекет басшысы берген тапсырмалардың орындалу барысы жөнінде есеп тыңдалды.
Кеңесте Премьер-министрдің орынбасары Ұлттық экономика министрлігіне әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың қызметін қайта пішімдеу жөнінде ұсыныстар дайындауды, сондай-ақ «Ауыл кәсіпкерлігі инфрақұрылымы» бағытын өңірлік стандарттар жүйесіне енгізуді тапсырды.
«Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ-мен бірлесіп, «Ауыл аманаты» жобасы аясында кепілдік беру тетіктерін әзірлеу және тиісті нормативтік-құқықтық актілерге өзгерістер енгізу міндеттелді.
Облыс әкімдіктеріне екі апта мерзімде «Amanat Nesie» ақпараттық жүйесіне барлық өңірлердің толық қосылуын қамтамасыз етіп, ауыл тұрғындарына «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша жеңілдетілген несие беруді ұйымдастыру тапсырылды.
Сурет: primeminister.kz















































