Ақмола облысында ауқымды астық жинау науқанының қорытынды кезеңі өтіп жатыр. Өңір диқандары 7,1 миллион тоннадан астам астық жинады. Бұл егіс алқабының 94 пайызынан алынған астық, деп хабарлады облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.
Орташа өнімділік гектарына 16,1 центнерді, ал кейбір шаруашылықтарда 60 центнерге дейін жеткен. Жиналған астықтың басым бөлігі жоғары сапалы.
Мемлекеттік қолдау шаралары мен жұмыстарды тиімді ұйымдастырудың арқасында облыс ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері соңғы жылдардағы ең жоғары көрсеткіштерге қол жеткізген.
«Жинау науқанының қорытындысы бойынша 7,4 миллион тоннадан астам астық жинаймыз деп күтілуде. Бұл тек өңір тарихындағы емес, ел бойынша ең жоғары көрсеткіш болмақ. Жалпы облыстың ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне шамамен 243 миллиард теңге көлемінде мемлекеттік қолдау көрсетілді. Дала жұмыстарын уақытылы жүргізу үшін жеңілдетілген несиелеумен 927 фермер қамтылып, жалпы сомасы 118 миллиард теңгені құрады. Бұл шегірткеге және басқа да зиянкестерге қарсы химиялық өңдеу сияқты агротехникалық іс-шаралардың толық әрі сапалы орындалуына мүмкіндік берді. Минералды тыңайтқыш қолдану көлемі үш есеге артты. Өнімділіктің өсуіне машина-трактор паркін жаңарту және жеңілдетілген дизель отынымен дер кезінде қамтамасыз ету де едәуір оң ықпал етті», — деді Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Нұрбек Бадырақов.
Биыл егіс алқабы 300 мың гектарға ұлғайып, жалпы көлемі 5,5 миллион гектарға жеткен.
Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында өңірде егіс құрылымын әртараптандыру бойынша жүйелі жұмыс жүргізілуде. Соңғы екі жылда жоғары табысты майлы дақылдардың егіс көлемі 2,5 есеге өсіп, алғаш рет 500 мың гектарға жеткен.
Жаңа өнімді қабылдау және сақтау үшін жалпы 7,2 миллион тонна сыйымдылықтағы инфрақұрылым дайындалған. Оның ішінде 66 астық қабылдау кәсіпорны және 1,5 мың ауыл шаруашылығы құрылымдарының қоймалары бар. Бұдан бөлек, астық сақтау жеңдері мен кептіргіштер де пайдаланылады, бұл астық сапасын сақтауға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, өңірде келесі жылғы егін егу науқанына арналған тұқым дайындау жұмыстары толық аяқталған.
Cурет: облыс әкімдігі














































