Абай облысының әкімі Берік Уәли Үржар ауданына жұмыс сапары барысында Қарақол су қоймасына барды. Таскескен ауылынан 5 шақырым жерде орналасқан су қоймасының құрылысы 1986 жылы басталып, кейін аяқсыз қалған, деп хабарлады облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.
Су қоймасының сыйымдылығы — шамамен 55 миллион текше метр. Нысан іске қосылған жағдайда аудандағы суармалы жердің көлемі 6 жарым мың гектарға дейін ұлғаятын болады.
Қазіргі уақытта Қаракөл су қоймасының құрылысын қайта жаңғырту үшін Су ресурстары және ирригация министрлігі жобалық-сметалық құжаттама дайындап жатыр. Нысан құрылысын толық аяқтау үшін шамамен 8-10 млрд теңге көлемінде қаражат қажет.
Облыс әкімі су қоймасының өңір үшін маңызды екенін айтты.
«Қарақол су қоймасы Үржар ауданы ғана емес, бүкіл облыс үшін стратегиялық маңызы бар инфрақұрылым. Қазіргі уақытта өңірде суармалы жерлер тапшы. Егер бұл нысан толық іске қосылса, ауыл шаруашылығы саласына серпін береді. Жаңа жұмыс орындары ашылады. Су қоймаларын салу жөнінде Мемлекет басшысының тапсырмасы бар. Жақында Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітовпен осы мәселені талқыладым. Біздің облыста 6 су қоймасы салынады. Оның ішінде Қарақол су қоймасы да бар», — деді аймақ басшысы.
Сурет: облыс әкімдігі