«Атамекен-Агро-Корнеевка» ЖШС бір мезгілде 2500 бас сиыр ұстауға болатын тауарлы сүт фермасының құрылысын аяқтады, деп хабарлады АШМ баспасөз қызметі. Онда голштино-фриз тұқымды 1400 бас сауын сиырға арнайы орын қарастырылған. Жоба толық қуатта жұмыс істеген кезде сауын сиырлардан жылына 7500 тонна сүт алады.
Жобаның жалпы құны – 11,7 млрд. теңге. Бүгінгі таңда жоба аясында 735 сиыр жеткізілді. Германиядан 498 бас, Даниядан 237 бас әкелінді. 2024 жылдың желтоқсан айына дейін Даниядан тағы 565 бас асыл тұқымды сиыр әкелу жоспарланып отыр.
Бұзау, сиыр тұратын, сауын және сүт блогының, құрама жем қоймасының, санитарлық өткізгіштің құрылысы аяқталды. Бір мезгілде 40 бас сиырды саууға мүмкіндік беретін «Айналмалы» қондырғы орнатылды. Мал азығын да жинап алған. 17,5 мың тонна пішен, 1,2 мың тонна шөп және 19,8 мың тонна сүрлем дайындалды.