Премьер-Министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында егін орағының қорытындысы қаралды, деп хабарлады primeminister.kz. Ауыл шаруашылығы, сауда және интеграция, көлік министрлері, сондай-ақ бірқатар облыс әкімдері диқандарды сапалы тұқыммен және минералды тыңайтқыштармен қамтамасыз ету, сонымен қатар ауыл шаруашылығы өнімдерін өткізу, оның ішінде экспорттық нарықтарды кеңейту туралы баяндалды.
Ауыл шаруашылығы министрлігі келтірген деректерге сәйкес, биыл ауыл шаруашылығы дақылдарының жалпы егіс алқабы 23,3 млн гектарды құрады, оның 16,7 млн гектарына дәнді дақылдар егілді. Дала жұмыстары 99,7%-ға аяқталды. 26,5 млн тонна астық жиналды.
Премьер-министр биыл көктемгі егіс және күзгі жиын-терім жұмыстарын уақтылы және сапалы жүргізу үшін қажетті шаралардың барлығы қабылданғанын атап өтті. Мәселен, саланы жеңілдетілген қаржымен қамтамасыз ету көлемі алғаш рет рекордтық 580 млрд теңгеге дейін жеткізілді. Бұл қаражат диқандарды тікелей несиелендіруге, пайыздық мөлшерлемені арзандатуға және форвардтық сатып алуға бағытталды. 2025 жылы қаржыландыру көлемін 700 млрд теңгеге дейін жеткізу жоспарланып отыр. Ауыл шаруашылығы техникасын лизингпен сатып алуға 120 млрд теңге тартылды. Сондай-ақ, диқандар тұқыммен, тыңайтқыштармен қамтамасыз етілді.
Аталған шаралар ауыл шаруашылығы дақылдарының барлық түрі бойынша жоғары нәтижелерге қол жеткізуге мүмкіндік берді. Атап айтқанда, биыл қант қызылшасы бойынша рекордтық өнім жинаймыз деп отырмыз. Жамбыл облысында ол гектарынан 700 центнерден асып түсті.
Премьер-министр 2025 жылғы егіс және егін жинау науқандарын уақтылы өткізуге назар аударды. Ауыл шаруашылығы министрлігіне «Бәйтерек» холдингімен бірлесіп, биылғы 1 желтоқсаннан бастап диқандарды ерте қаржыландыруды қолға алуы тапсырылды.
Отырыс соңында Олжас Бектенов егін орағын уақтылы аяқтағаны үшін диқандарға алғыс білдірді.
Сурет primeminister.kz сайтынан алынды