Абай облысының әкімі Берік Уәли Ақсуат ауданы Екпін ауылындағы «Мәуліт» шаруа қожалығына барды, деп хабарлады өңір әкімдігінің баспасөз қызметі. Аймақ басшысы 5 мың бас еркек тайыншаға арналған мал бордақылау алаңының жұмысымен танысып, шаруашылықтың өндірістік әлеуетін көрді.

«Мәуліт» шаруа қожалығы 2007 жылы құрылған. Биыл қожалық Екпін ауылдық округіне қарасты Қазанғап учаскесінде 5 мың басқа арналған мал бордақылау алаңын іске қосты. Қазіргі уақытта мұнда 4 мың бас бұқашық бордақылануда. Мал қабылдау жұмыстары Ақсуат ауданының ауыл тұрғындары мен шаруашылықтары есебінен жүргізіліп жатыр. Бұл жергілікті мал өсірушілерге бұзауларын тиімді бағамен өткізіп, қосымша табыс табуға да мүмкіндік береді.

Шаруашылық мың бас асыл тұқымды қазақтың ақбас сиырының аналығын өсіріп отыр. Техникалық базасында 8 ауыл шаруашылығы техникасы, 10 қосалқы жабдық, 2 жүк тиегіш және 2 «КамАЗ» автокөлігі бар. Мұнда 25 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Маусымдық кезеңде тағы 10 адам жұмысқа тартылады. Шаруашылық мемлекеттік субсидиялау бағдарламаларына да қатысады.

Бордақылау алаңының толық қуатта жұмыс істеуі ет өндірісінің көлемін арттырып, ауданның экспорттық мүмкіндіктерін кеңейтуге жол ашады.
Аймақ басшысы мұндай жобалардың жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтуға, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру мен өңдеу ісін дамытуға ықпал ететінін атап өтті.

«Жаңасемей ауданындағы ет өңдеу кешеніне тұрақты шикізат базасын қалыптастыру мақсатында «Мәуліт» шаруа қожалығы өндірістік бордақылау алаңының қуаттылығын 5000 басқа дейін ұлғайтты. Бұл ауданда мал бордақылау бағытында өндірістік тәжірибе мен тиісті әлеуеттің бар екенін көрсетеді. Ет комбинатын тұрақты шикізатпен қамтамасыз ету және мал шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу көлемін арттыру үшін өндірістік қуатты ұлғайту қажет», – деді Берік Уәли.
«Мәуліт» шаруа қожалығының мал бордақылау алаңы ауданның агроөнеркәсіп кешеніндегі өндірістік әлеуетті арттыруға бағытталған. Жоба ішкі нарықты ет өнімдерімен қамтамасыз етуге, жаңа жұмыс орындарын ашуға және алдағы уақытта отандық өнімнің экспорт көлемін ұлғайтуға мүмкіндік береді.
Сурет: облыс әкімдігі












































