Кеше ғана Қарағанды облысының Шет ауданындағы Мұрат Қожамбердин басқаратын «Шолақ еспе» жылқы зауыты жайлы журналист Бахтияр Хамиттың материалын жариялаған едік. Ол бүгін әлеуметтік желідегі жазбасында осы жылқы тұқымының генетикалық ерекшелігін айтыпты.
««Мұғалжар» тұқымына жатқызылғанымен, өзіндік ерекшеліктеріне қарай жеке тұқым ретінде қарастыруға болатын «Қожамберді» жылқысын әйгілі Кембридж университетінің ғалымдары үш жыл бойы зерттеген. Зерттеу нәтижесінде оның қанының құрамында әлемдегі жылқы тұқымдары арасында байырғы жабайы жылқылардың генетикалық іздері ең көп сақталғаны анықталған екен. Ендігі міндет — сол таза қанды сақтап қалу», — деп жазды журналист.
«Қожамберді» жылқысын елімізге кеңінен таратқанмен, кейбір шаруашылықтар қан тазалығын сақтамайтын көрінеді.
«Қазір Мұрат ағамыздан айғыр алып, өз үйіріне қосатын көп жігіттер, сол қан тазалығын сақтауға салғырт қарайтын көрінеді. Салмақ қуып, үйірге орыстың жүк таситын жылқыларын да, башқұрт тұқымдарын да әкеліп тығады. Салдарынан әлем мойындап отырған өз жылқымыздың қаны бұзылып, салмағы артып, шоқтығы биіктеп кетіп жатыр. Ол жақсы емес пе дейтіндерге жауап: Егер «Қожамберді» жылқысының салмағы 550-600 келіден асса, шоқтығы 150 см биік болса ондай мал біздің қатаң климатқа төзімсіз боп, тебіндей алмай қалады. Биелердің құлын тастауы жиеліп, айғырлар әлсіз болады», — дейді Бахтияр Хамит.
Оның айтуынша, мұндай дүбәрә жылқыларды «Қожамберді» тұқымы етіп көрсететіндер көбейген. Жарты ғасыр ғұмырын қазақы жылқы тұқымын сақтау ісіне сарп еткен Мұрат Қожамбердин осыған қынжылатын көрінеді.
Сурет: Бахтияр Хамит












































