Жетісу облысында қант қызылшасын жинау науқаны басталды. Биыл өңірде аталған дақыл 13,5 мың гектарға егілген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 1,3 мың гектарға көп. Бұл туралы аймақ әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Фермерлер биыл шамамен 585 мың тонна қант қызылшасын жинауды жоспарлап отыр. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен 86 мың тоннаға жоғары.
Қазір жинау жұмыстары Ақсу, Сарқан, Ескелді, Көксу, Қаратал және Кербұлақ аудандарында жүргізілуде. Науқанға 115 қызылша жинайтын комбайн мен 52 жапырақ жинайтын техника жұмылдырылған. Қолда бар техника тәулігіне 700 гектарға дейін алқапты жинауға мүмкіндік береді.
Көксу ауданында биыл қант қызылшасы 2,9 мың гектарға егілген. Мұнда 185 шаруа қожалығы шамамен 130 мың тонна өнім алуды көздеп отыр.
25 қыркүйекте Ақсу және Көксу қант зауыттары қант қызылшасын қабылдай бастайды. Зауыттарға өнім қабылдау көлемі шаруашылықтардың егіс алқабы мен болжамды өнім көлеміне қарай жасалған кесте бойынша жүргізілуде.
Модернизациядан өткен Көксу қант зауыты биыл 374 мың тоннаға дейін қызылша қабылдауды жоспарлап отыр. Өткен жылы бұл көрсеткіш шамамен 250 мың тоннаны құраған. Қабылдау көлемі бастапқыда тәулігіне 2 мың тонна болса, кейін 3 мың тоннаға, ал зауыт толық қуатына шыққан кезде 3,5–4 мың тоннаға дейін жеткізілмек.
Қант қызылшасын жинауға алғашқылардың бірі болып кіріскен Көксу ауданындағы «Қыдырәлі» шаруа қожалығы 160 гектар алқапқа қызылша еккен. Шаруашылық биыл әр гектардан 650–700 центнер өнім алуды жоспарлап отыр.
Сурет: облыс әкімдігі












































