Қазақстанның егін егетін фермерлері көктемгі дала жұмыстарын қаржыландыратын “Кең дала 2” бағдарламасы арқылы 334 млрд теңгеге қол жеткізді. Қаражат егіс науқанына дайындалуға бағытталған және 4 млн гектардан астам егіс алқаптарын қамтиды. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
“Бүгінгі таңда 334 млрд теңгенің 3 287 өтінімі қаржыландырылған. Бұл қаржы 4 млн гектардан астам егіс алқабын қамтуға мүмкіндік береді. Фермерлерге несие 5%-бен беріліп жатыр”, — делінген министрлік таратқан ақпаратта.
Сонымен қатар, несие сомасының 85%-ын «Даму» қоры кепілдендіреді. Қазіргі уақытта 148 млрд теңгенің қарыз сомасына 753 кепілдік берілді.
Алынған қаражат жанар-жағармай материалдарын тиімді бағамен сатып алуға, минералды тыңайтқыштар сатып алуға, ауыл шаруашылығы техникасын жөндеуге және тұқымның қажетті қорын қалыптастыруға жұмсалады.
Қаржы Аграрлық несие корпорациясының филиалдық желілері мен серіктес қаржы институттары арқылы беріледі.
Сурет: Agrotrend.kz














































