Абай облысының әкімі Берік Уәлидің төрағалығымен өткен кеңейтілген аппараттық кеңесте көктемгі егін егу жұмыстарына дайындық барысы талқыланды, деп хабарлады аймақ әкімдігінің баспасөз қызметі. Күн тәртібіндегі мәселе бойынша ауыл шаруашылық басқармасының басшысы Ертай Қуанбаев баяндады.

Биыл ауыл шаруашылығы дақылдарының жалпы егіс көлемі 789,3 мың гектарға жетеді. Оның ішінде 299,2 мың гектар – дәнді және дәнді-бұршақ дақылдары, 340,3 мың гектар – майлы дақылдар, 138,0 мың гектар – жем-шөп, 6,6 мың гектар – картоп, ал 5,2 мың гектар – көкөніс және бақша дақылдары.
Облыста картоптың егіс алқабын кеңейту бойынша нақты шаралар қабылданып, ірі шаруашылықтарды тарту жұмысы күшейтілді. Сонымен қатар жүгері алқабын ұлғайту және мал шаруашылығының дамуына байланысты жем-шөп базасын нығайту бағытында жүйелі жұмыс жүргізілуде. Майлы дақылдар көлемін кемінде өткен жылдың деңгейінде сақтау көзделген.

Облыс тұқыммен толық қамтамасыз етілген. Сонымен қатар 6,6 мың тонна элиталық тұқым сатып алынуда, тұқым сапасын тексеру жұмысы жалғасып жатыр. Биыл жоспар бойынша 82,9 мың тонна тыңайтқыш пайдалану көзделген. Мемлекеттік қолдау шараларының нәтижесінде тыңайтқыштарды қолдану деңгейі 50,6 пайызға жетіп отыр.
Көктемгі егіс жұмыстарына 12 630 техника жұмылдырылады. Олардың дайындығы 90 пайыз. Жанар-жағармайға сұраныс 29,6 мың тонна болса, оның 25,9 мың тоннасы бөлінді. Ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту жұмыстары да жалғасуда. Өткен жылы 592 бірлік техника сатып алынып, жаңарту деңгейі 6,7 пайызға жетті. Биыл бұл көрсеткішті 8 пайызға жеткізу жоспарланып отыр.
Егіс жұмыстарын қаржыландыруға «Кең дала» бағдарламасы аясында 14 млрд теңге бөлініп, қазіргі таңда 78 ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілері 7,1 млрд теңге қаражатты игерді. Бұл фермерлерге қажетті ресурстарды алдын ала алуға мүмкіндік береді.
Аймақ басшысы ауыл шаруашылық басқармасына және аудан әкімдеріне егіс науқанын уақытында бастауды, тыңайтқыш себу жоспарын орындауды, техника паркін жаңарту көрсеткіштеріне қол жеткізуді, дизель отыны үшін төлемдердің уақтылы жүргізілуін және «Кең дала» бағдарламасы аясындағы бөлінген қаражаттың тиімді игерілуін қамтамасыз етуді тапсырды.
«Ауыл шаруашылығы – облыс экономикасының негізгі тіректерінің бірі. Сондықтан көктемгі егіс науқанын уақтылы және сапалы өткізу өте маңызды. Техника дайындығы, тұқым қоры, жанар-жағармаймен қамтамасыз ету және қаржыландыру мәселелері толық шешімін табуы тиіс», – деді Берік Уәли.
Суреттер: облыс әкімдігі















































