Қызылорда облысының Жаңақорған ауданында заманауи құс фабрикасын салынып жатыр, деп хабарлады Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі. Инвестициялық жоба жүзеге асқанда кәсіпорын жылына 3,5 мың тоннаға дейін құс етін өндіретін болады.
Жобаның жалпы құны 5,2 млрд теңге. Кәсіпорын жобалық қуатына шыққан кезде 120 жаңа жұмыс орны ашылады.
Қазіргі уақытта 12 құс қорасының сегізінің құрылысы аяқталды. Сонымен қатар құс сою және инкубациялық цехтары, әкімшілік ғимараты мен техникалық қызмет көрсету нысаны толық дайын. Тоңазытқыш жабдықтары орнатылған.
Қалған төрт құс қорасының құрылысы жалғасуда, арнайы техника мен жабдықтарды сатып алу жұмыстары аяқталған. Сонымен қатар нысанды пайдалануға беру үшін қажетті құжаттарды рәсімдеу жұмыстары жүргізілуде.
Құс фабрикасының іске қосылуы өңірдің агроөнеркәсіп кешенін дамытуға үлес қосады, отандық өнім көлемін арттыруға мүмкіндік береді және жаңа жұмыс орындарын ашады.
Сурет: АШМ
















































