Семей қаласында жалпы аумағы 1 гектар болатын суық өңірлерге арналған заманауи америкалық технологиямен жылыжай кешенінің құрылысы жүріп жатыр. Абай облысы әкімінің орынбасары Думан Оспанов аймақта салынып жатқан алғашқы жылыжай құрылысының барысымен танысты, деп хабарлайды Agrotrend.kz.
Жобаның жалпы инвестициялық құны 3 млрд теңге. Бұл өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған маңызды жобалардың бірі. Жобаның бірінші кезеңінде жалпы аумағы 1300 м² болатын екі жылыжайдың құрылысы аяқталуға жақын. Бірінші кезеңді іске асыруға 400 млн теңге инвестиция бағытталған.
2026-жылдың наурыз-сәуір айларында жылыжайға қияр мен қызанақ көшеттерін отырғызу жоспарланып отыр.Толық заманауи жылыту жүйесімен жабдықталған кешен жыл бойы өнім алуға мүмкіндік береді. Екінші кезеңде тағы 8 жылыжай салу жоспарланған. Жоба толық іске асырылғаннан кейін агрокәсіпорынның жалпы аумағы 1 гектарға дейін ұлғаяды.
Жоба іске қосылған соң өңірде жыл бойы көкөніс пен жеміс өсіруге, ішкі нарықты сапалы өніммен қамтамасыз етуге және облыстың азық-түлік қорын тұрақтандыруға мүмкіндік береді.
Ірі инвестициялық жоба облыс агроөнеркәсіп кешенінің әлеуетін арттырып, тұрғындарды сапалы әрі қолжетімді өніммен қамтамасыз ететін маңызды шешім болмақ.
Сурет: Agrotrend.kz
















































