Шығыс Қазақстан облысының Ұлан ауданында «Тоғанас» шаруа қожалығы түйеқұс өсіруді қолға алды, деп хабарлады аймақ әкімдігінің баспасөз қызметі. Шаруашылық басшысы Есенбек Мурсалимов бұл бағыттағы алғашқы қадамын жасап, Түркістан облысынан екі мекиен және бір қораз түйеқұс әкелді.
Өңір әкімдігінің мәліметінше, алдағы уақытта кәсіпкер инкубатор арқылы балапан шығарып, құс санын көбейтуді жоспарлап отыр. Болашақта шаруашылықта түйеқұс етін өндіру ісін жолға қоймақ.
Аймақта түйеқұс өсіру жоғары экономикалық әлеуеті бар бизнес ретінде бағаланады. Түйеқұс еті – диеталық әрі құнарлы өнім. Сонымен қатар жұмыртқасы мен қауырсыны да нарықта сұранысқа ие.
Әкімдік өкілдерінің айтуынша, жоба “Ауыл аманаты” бағдарламасы аясында қолдау тапқан. Ұлан ауданының қысы қатал болғандықтан, кәсіпкер құстарға арнайы жылы қора дайындап, күтім мен азықтандыруға ерекше көңіл бөліп отыр.
Сурет: ШҚО әкімдігі
















































