Жаңаөзен сүт зауытында құны 148 млн теңге болатын сублимацияланған құрғақ түйе сүтін өндіретін цех ресми түрде ашылды. Болашақта экологиялық таза өнім көлемін ұлғайтып, экспортқа шығару жоспарланған. Бұл туралы Маңғыстау облысы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Ведомствоның мәліметінше, қазіргі уақытта Қытай мен Біріккен Араб Әмірлігіне өнім жеткізу бойынша келіссөздер жүргізіліп жатыр.
Кәсіпорын жылына 18 тоннаға дейін өнім шығаруға қауқарлы.
«Цехтің негізгі мақсаты – шұбат өндірісін үздіксіз жүргізу, цех жұмысы арқылы шұбат өндірісінің көлемін ұлғайту және түйе шаруашылығына қолдау көрсету. Зауыт 30-ға жуық шаруа қожалығынан 68 тонна сүт қабылдап, өндірісті бастаған. Енді бұл көлемді екі есеге арттырмақ», — делінген әкімдіктің баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.
Сурет: облыс әкімдігі















































