Үндістан Қазақстаннан ешкі еті мен басқа да халал ет өнімдерін импорттауға қызығушылық танытты. Үндістан мен Біріккен Араб Әмірлігіне экспорттың келешегі ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровтың Lulu Kazakhstan бас директоры Мохидин Хусейн Файсалмен және IGateway Ltd компаниясының CEO, негізін қалаушы Гунасилан Айотхи Даниэлмен кездесуінде талқыланды. Бұл туралы ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі хабарлады.
Үндістанның өсіп келе жатқан тұтыну нарығы отандық мал шаруашылығы өнімдерінің экспортын кеңейту үшін қосымша мүмкіндіктер ашатыны атап өтілді.
Министр Қазақстанның мал шаруашылығы саласында әлеует бар екенін және ветеринариялық талаптарды сақтау және өнімді тұрақты жеткізуді қамтамасыз ету үшін экспорт көлемін ұлғайту мүмкіндіктерін қарастыруға дайын екенін атап өтті.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар ветеринариялық сертификаттау, логистика және қазақстандық өндірушілер мен үнді импорттаушылары арасында тікелей байланыс орнатуға, ынтымақтастықтың практикалық тетіктерін пысықтауды жалғастыруға келісті.
Айта кету керек, LuLu Group International Біріккен Араб Әмірліктері мен Үндістандағы ет өңдеу зауыттарын басқарады, бөлшек сауда, импорт және экспортпен айналысады.
Сурет: АШМ















































