Елімізде биылдан бастап сатуға арналған малды союға қатысты жаңа талаптар күшіне енді. Енді мал тек арнайы пункттерде сойылуы тиіс, міндетті түрде ветеринариялық тексеруден өтуі керек. Сондай-ақ жануарлар туралы деректер малды қадағалау ақпараттық жүйесінде тіркелген болуы қажет.
Бұл талаптар Батыс Қазақстан облысыдағы «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы жанындағы АӨК және тамақ өнеркәсібі кеңесінің отырысында фермерлерге түсіндірілді.
БҚО Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің аумақтық инспекциясы басшысы Марат Утаралиевтің айтуынша, мал иелері жануар туған сәттен бастап 1,5 жыл ішінде оған бактериялық, вирустық және паразиттік ауруларға қарсы толық вакцина салуы тиіс. Ал етке өткізу үшін мал тек арнайы пункттерде сойылуы керек.
“Союға тек карантиндік аурулардан таза аймақтардағы сау жануарлар ғана жіберіледі. Сою алдында міндетті ветеринариялық тексеру жүргізіледі. Ауру немесе ауруға күдігі бар малды союға қатаң тыйым салынады”, – деді ол.
Сонымен қатар мал Ауыл шаруашылығы жануарларын сәйкестендіру жүйесінде, «ВетЛаб» және «Төрт-түлік» модульдерінде тіркелген болуы қажет.
БҚО кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Эльмира Утешева жобаның бастапқы кезеңінде техникалық қиындықтар болуы мүмкін екенін айтып, қойылып отырған талаптардың маңыздылығына тоқталды.
“Бұл талаптар бруцеллез, сібір жарасы сияқты қауіпті аурулардың алдын алуға бағытталған және Еуразиялық экономикалық одақ талаптарына толық сәйкес келеді”, – деді ол.
Сурет: Agrotrend.kz















































