Қоғамдық кеңестің кезекті отырысында 2026-2030 жылдарға арналған мал шаруашылығын дамыту жоспарының жобасын талқыладық. Жұмыс барысында 9 отырыс өткізіліп, 154 ұсыныс қаралды, деп хабарлады Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров facebook әлеуметтік желісіндегі ресми парақшасында.
Құжат Мемлекет басшысының тапсырмасы негізінде әзірленді. Ол мал шаруашылығын дамытуға, өндіріс көлемін арттыруға, өнімділікті күшейтуге және саланың экспорттық әлеуетін кеңейтуге бағытталған. Жобаны дайындауға Парламент депутаттары, аймақтардың атқарушы органдары, ғылым, қаржы секторы мен бизнес өкілдері, соның ішінде «Атамекен» ҰКП мүшелері белсенді атсалысты.
“Құжатта мал шаруашылығын қаржыландыру тетіктерін қалыптастыруға баса назар аударылған. Атап айтқанда, жануарлардың барлық түрлері бойынша асыл тұқымды малды сатып алуға жылдық 6% мөлшерлемемен ұзақмерзімді жеңілдетілген кредит беру бағдарламасын іске қосу көзделген. Айналым қаражатын толықтыру үшін 5% мөлшерлемемен кредит беру тетігін енгізу де жоспарлануда. Қаражатты жем-шөп сатып алуға, жанар-жағармай материалдарына, ветеринариялық препараттарға және басқа да өндірістік шығындарға бағыттауға болады”, — деп жазды министр.
Кешенді жоспардың тағы бір бөлігі мал шаруашылығы шикізатын терең өңдеуді дамытуға, ветеринариялық қауіпсіздік мәселелеріне және цифрлық бақылауға арналған. Құжатта саланы білікті кадрлармен қамту бойынша кешенді шаралар көзделген. Мал шаруашылығы өкілдерін әлеуметтік қолдау, оның ішінде шопандардың зейнетақы жасын төмендету, балаларын әскерден босату және арнайы білім гранттарын бөлу мәселелері де қарастырылған.
“Талқылау барысында Қоғамдық кеңес мүшелері егін шаруашылығы субъектілерін мал шаруашылығына тарту, жайылымдық жем-шөп өндірісін дамыту, қазақтың ақбас және әулиекөл тұқымдарын қолдауды күшейту, ішкі нарықты сапасыз өнімнен қорғау, малшылар үшін тұрғын үй құрылысына субсидия беру және басқа да ұсыныстарды алға тартты”, — деді Айдарбек Сапаров.
Талқылау қорытындысында Қоғамдық кеңес мүшелері Кешенді жоспар жобасын бірауыздан мақұлдады.
Сурет: ашық ақпарат көзі













































