Бүгін Абай облысының әкімі Берік Уәли Парламент Мәжілісінің депутаты Жигули Дайрабаевпен кездесті, деп хабарлады аймақ әкімдігінің баспасөз қызметі.
Кездесуде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Түркістан» газетінде жарияланған сұхбатындағы ауыл шаруашылығы саласы бойынша жүктелген міндеттерді жүзеге асыру барысы талқыланды.
Облыс әкімі өңір ауыл шаруашылығының әлеуетін жан жақты таныстырып, аймақта іске асырылып жатқан ауқымды инвестициялық жобаларға тоқталды.
“Облыста ауыл шаруашылығы саласының 2031-жылға дейінгі өңірлік инвестициялық жобалар картасы әзірленді. Даму моделі ет кластерін құруды, сүт-тауарлы фермалар салуды, етті құс шаруашылығын дамытуды және суармалы егіншіліктің әлеуетін толық пайдалануды көздейді. Осы бағыттар аясында облыста 85 ірі жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Оның ішінде Семей қаласында 23,8 млрд теңгеге 6 инвестициялық жобаны жүзеге асыру көзделген. Бұл жобалар қаладағы ауыл шаруашылығының дамуына, жұмыс орындарының ашылуына және өндіріс көлемінің артуына ықпал етпек”, — деді облыс әкімі.
Аймақ басшысының айтуынша, 2028-жылға дейін жылына 250 мың дана тері өңдейтін «Еastern Рrotein» ЖШС өндірістік нысаны, жылына 36 мың тонна сүтті қайта өңдейтін «Eртіс Өнімдері» ЖШС зауыты іске қосылмақ. Бұдан бөлек майлы дақылдарды қайта өңдеуге бағытталған 3 агрожобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр.
Қазіргі таңда «Eurasia Agro Semey» ЖШС Жаңасемей ауданында қуаттылығы ауысымына 35 тонна ет өңдейтін комбинаттың құрылысын жүргізіп жатыр. Жоба биыл тамыз айында аяқталады.
Жигули Дайрабаев аграрлық саладағы мемлекеттік бағдарламалар мен жеңілдіктер туралы айтты. Өңірдегі өзекті мәселелерді тиісті министрліктерге депутаттық сауал ретінде көтеруге әзір екенін жеткізді. Парламент Мәжілісінің депутаты жұмыс сапары аясында өңірдің фермерлерімен және ауыл шаруашылығы саласының өкілдерімен кездеседі.
Сурет: облыс әкімдігі















































