Қазақстанда биыл да астықтан рекордтық көлемде өнім жиналды. Бұл шамамен 27 млн тонна. Үкімет отырысында Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин осылай деп мәлімдеді.
Сонымен қатар, 2025-жылы елде бұршақ дақылдарынан 1 млн тонна, ал майлы дақылдардан 4,7 млн тонна өнім алынған. Бұл көрсеткіштер де рекордтық деңгейде тіркеліп отыр.
Вице-премьердің айтуынша, ауыл шаруашылығы маусымдық өсім кезеңіне өтті. Саладағы жалпы өнім көлемі 6,1%-ға артты, бұл қаңтар–қазан айларымен салыстырғанда 0,7 пайыздық тармаққа жоғары.
Өсімнің негізгі үлесі өсімдік шаруашылығына тиесілі. Аталған салада өндіріс көлемі 7,6%-ға өсті, оған қолайлы ауа райы мен дәнді және майлы дақылдардың жоғары өнімділігі әсер еткен.
Сондай-ақ, мақта жинау бойынша да жоғары көрсеткіштер күтілуде. Ауыл шаруашылығы саласындағы ең жоғары өсім Ақмола, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарында тіркелген.
Сурет: Agrotrend.kz














































