Түркиялық Cengiz Holding Қазақстанда жылына 300 мың тоннаға дейін қант өндіретін екі ірі зауыт салуды жоспарлап отыр. Бұл туралы ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Компания жобаны 2026 жылы бастауды көздеп отыр, ал зауыттар екі жыл ішінде пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. Қазіргі уақытта өндіріс алаңдары ретінде Солтүстік Қазақстан және Павлодар облыстары қарастырылуда. Бұл өңірлер қант қызылшасын өсіруге қажетті климаттық жағдайларға, инфрақұрылымға және жер ресурстарына ие.
Жобаға 10 жыл ішінде $500 млн инвестиция салу жоспарлануда. Оның жүзеге асырылуы ел ішіндегі қант нарығын тұрақтандырумен қатар, қосымша бағыттарды дамытуға жол ашады. Атап айтқанда:
- мал азықтары,
- тамақ өнеркәсібіне арналған ингредиенттер,
- өндірістік спирт және өзге де өнімдер шығару жолға қойылады.
Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Cengiz Holding директорлар кеңесінің мүшесі Дженгиз Шабанмен кездесу өткізіп, жобаны жүзеге асыру мәселелерін талқылады. Кездесу қорытындысы бойынша тараптар ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
Министрдің айтуынша, жаңа өңдеу кәсіпорындарын салу және шикізат базасын нығайту агросектор үшін стратегиялық маңызы бар бағыт:
«Жаңа қант зауыттарын салу — еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін күшейтуге бағытталған маңызды бастама», — деді Айдарбек Сапаров.
Министрлік мәліметінше, қазіргі таңда Қазақстанда төрт қант зауыты жұмыс істейді. Оның үшеуі қант қызылшасын қайта өңдейді, жалпы өндірістік қуат — 870 мың тонна. Ал елдің жылдық қант тұтыну мөлшері 500 мың тонна, соның өзінде отандық шикізат есебінен өндірілетін қант ішкі сұраныстың небәрі 14%-ын ғана қамтамасыз етеді екен.
Сурет: АШМ















































