Биыл Абай облысында 782,1 мың гектар алқаптан егін жиналды. Оның 296,5 мың гектары дәнді дақылдар, 339,4 мың гектары майлы дақылдар, 5,9 мың гектары картоп және 5,2 мың гектары көкөніс-бақша дақылдары. Дәнді дақылдардың барлығы жиналып, 348,9 мың тонна астық қамбаға құйылды. Бұл туралы облыс әкімінің төрағалығымен өткен жиында Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Ертай Қуанбаев баяндады.
Өңірдің мал шаруашылығында өсім бар. Ірі қара 784,2 мың басқа, қой-ешкі 1,279 млн басқа, жылқы 390 мың басқа жеткен. Ет өндірісі 63,7 мың тоннаны құрады, сиыр сүті 275,2 мың тонна болды. Асыл тұқымды мал басының үлесі жыл сайын артып келеді.
“Облыста 17 бордақылау алаңы жұмыс істейді. 3,2 мың сауын сиырға арналған сегіз тауарлы сүт фермасы мен жеті сүт қабылдау пункті бар. Биылғы 10 айда 13,1 мың тонна сүт жиналды. Алдағы жылдары жалпы қуаттылығы 5,4 мың басқа арналған тоғыз жаңа тауарлы сүт фермасын салу жоспарлануда. Бұл жобалар іске қосылған жағдайда өңірде қосымша 29,7 мың тонна сүт өндіруге мүмкіндік пайда болады. Осыған орай индустриялық аймақта сүт зауытын салу мүмкіндігі қарастырылуда”, — деді басқарма басшысы.
Агроөнеркәсіп өнімдері экспорты 174,4 млн АҚШ долларын құрады, оның 76,5%-ы өңделген өнім. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының 19 түрінің 14-і облыста өндіріледі.
Өсімдік майы, ұн, макарон, сүт өнімдері, шұжық және ет өндіру салаларында да жобалар жүзеге асырылуда. «Qazaq Astyq Group» ЖШС желтоқсан айында тәулігіне 200 тонна тазартылған өсімдік майын өндіретін желіні іске қоспақ. «Eurasia Agro Semey» ЖШС Жаңасемей ауданында қуаттылығы ауысымына 35 тонна ет өңдейтін комбинаттың құрылысын жүргізіп жатыр. Жоба 2026-жылдың тамызында аяқталады.
Облыс әкімі жиында салаға жауапты орынбасары Думан Оспановқа, ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Ертай Қуанбаевқа, қала және аудан әкімдеріне ауыл шаруашылығы саласын дамыту жөніндегі шараларды жүйелі түрде іске асыруды тапсырды.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында аса өзекті мәселелердің бірі ретінде азық-түлік нарығындағы шетелге тәуелділікті азайтуды атап өтті. Осыған байланысты Президент Үкіметке нақты тапсырмалар жүктеді. Ең алдымен ауыл шаруашылығын дамыту, фермерлерді жан-жақты қолдау, ауылдық инфрақұрылымды жетілдіру және жаңа агротехнологияларды енгізу қажет. Сондай-ақ ішкі нарыққа өнімді тұрақты жеткізу үшін өңдеу өнеркәсібі мен логистиканы күшейту маңызды», – деді облыс әкімі Берік Уәли.















































