2025-жылдың он айының қорытындысы бойынша елімізде 360 мың тоннадан астам құс еті өндірілді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 7,2%-ға артық, деп хабарлады Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі.
Құс шаруашылығы – агроөнеркәсіп кешенінің ең қарқынды дамып келе жатқан салаларының бірі. Қазіргі таңда 43 жұмыртқа бағытындағы, 36 ет өндіретін және 7 асыл тұқымды құс шаруашылығы нысаны жұмыс істейді. Асыл тұқымды шаруашылықтардың үшеуі бройлер, үшеуі жұмыртқа бағытында, ал біреуі үйрек өсіруге маманданған.
Ұлттық статистика бюросының дерегінше, 2025-жылдың 1-қазанында елдегі жалпы құс саны 49 миллион басқа жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 6,5%-ға көбейген. Өткен жылы 4,5 миллиард дана тағамдық жұмыртқа өндіріліп, ішкі нарық толық қамтамасыз етілген.
Саладағы ілгерілеуге инвестициялық жобалар мен мемлекеттік қолдау шаралары сеп болып отыр. Соңғы бес жылда құс етімен қамтамасыз ету деңгейі 58%-дан 79%-ға дейін артқан.
Мемлекет ет бағытындағы құс шаруашылықтарына асыл тұқымды балапандар сатып алу мен өндіріс шығындарын төмендету үшін субсидия береді. Ал жұмыртқа бағытында соңғы буындағы балапандар сатып алуға көмек көрсетіледі. Сонымен қатар, инвестициялық субсидиялау аясында жаңа және кеңейтілген құс фабрикаларына жұмсалған қаражаттың 25%-ына дейін өтемақы беріледі.
2024-жылы жалпы қуаттылығы жылына 15,9 мың тонна құс еті болатын 6 жоба іске қосылды (инвестиция көлемі – 5,7 млрд теңге). Биыл қуаты 45 мың тонна болатын 5 жоба жүзеге асырылуда (инвестиция – 26 млрд теңге). Алдағы үш жылда қуаты 241 мың тонна, инвестиция көлемі 167,9 млрд теңге болатын 8 ірі кәсіпорын пайдалануға беріледі.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, осы жобалардың жүзеге асуы нәтижесінде 2027-жылға қарай Қазақстан ішкі нарықты құс етімен толық (110%) қамтамасыз етіп, экспорттық әлеуетін де арттыра алады.
Сурет: ашық ақпарат көзінен














































