Абай облысы әкімінің орынбасары Думан Оспанов іссапармен Мақаншы ауданына барып, шаруа қожалық басшыларымен кездесті. Бұл туралы аудан әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Кездесуде ауыл шаруашылығы саласын дамытуға қатысты өзекті мәселелер қаралды. Аудан әкімі Дәурен Қойгелдин аграрлық әлеуетті арттыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндама жасап, өңірдің даму көрсеткіштеріне тоқталды.
Салаға қатысты басым бағыттарды талқылау барысында мал шаруашылығын дамыту, ұсақ мал басын көбейту, жүн мен теріні өткізудің тиімді жолдарын анықтау, сондай-ақ сырттан асыл тұқымды мал әкелуді қаржыландыру мәселелері көтерілді.

Шаруалар тарапынан жеңілдетілген несие көлемін арттырудың маңыздылығы да айтылды. Әкімдік өкілдері шаруалардың ұсыныстарын тыңдап, сұрақтарына жауап берді.
Кездесу ауыл шаруашылығындағы өзекті мәселелерді шешуге және тиімді шешімдер қабылдауға бағытталған пайдалы пікір алмасу алаңына айналды.
Сурет: аудан әкімдігі












































