Осы аптада Парламент Мәжілісінің депутаты, «Ауыл» партиясы фракциясының мүшесі Анас Баққожаев Премьер-Министр Олжас Бектеновке ұрланған малды іздемейтін полиция қызметкерлеріне қатысты депутаттық сауал жолдады.
Депутаттың айтуынша, полиция жоғалған малды іздеудің орнына мал иесіне айыппұл салуға асығады, ал арыз жазғанның өзінде малдың табылуы екіталай.
«Қалада тұратын адамдардың дүниесі ұрланса полиция дереу іске кіріседі, ақша жоғалса банк есеп-шоттары бұғатталып, қылмыскерді іздеуге барын салады. Мұнай мен газ саласында ұрлықтың шеті шықса қылмыскерді табуға полиция барынша жұмылдырылады. Ал ауыл азаматтарының мал жоғалса полиция жұмыс істемейді, іздемейді. Халық арыз жазуға келсе, «мен сізге әкімшілік құқық бұзу кодексінің 408 бабы бойынша, яғни мал бағу тәртібін бұзғаныңыз үшін айыппұл саламын» дейді. Айыппұлдан қорыққан халық арыз жазбайды, сандалып өзі іздейді. Арыз жазған күннің өзінде мал табылады деген үміт мүлдем жоқ», — дейді депутат.
Анас Баққожаев малдың табылмау себебі – полицияның тергеу жұмыстарын атқармайтындығынан дегенді алға тартты.
«Жоғалған малды ізін суытпай соңына түсу керек, күдікті деген адамдардың қорасын қарау керек, мал сойлатын, ет өткізетін базарларды аңду керек. Осылайша, ұрылардың соңына түсу керек емес пе? Бізде ондай жұмыстар істелмейді. Полиция табылмады деп шешім шығарып, істі жаба салады немесе созып жүреді. Жанын бағып отырған малынан айырылған ауыл жұрты ақырында қалаға көшуге мәжбүр болады», — дейді халық қалаулысы.
Сондай-ақ депутат әлемдік тәжірибені мысалға алып, «Ауыл» партиясының атынан ұсыныстарын да айтты.
«Көптеген мемлекеттерде мал ұрлығымен айналысатын арнайы полиция жасақтары бар. Тіпті, бізден артта қалған Африканың өзінде осындай полиция жасағы бар. Осыған орай «Ауыл» партиясының тарапынан айтатын бірнеше ұсынысымыз бар. Соның ең негізгісі – мал ұрлығына қарсы полиция жасағын құру. Ол жасақ тергеу жұмысын жақсартуы тиіс, генетикалық база арқылы тергеуді күшейтуі керек. Жоғалған малдың өлексесі табылса, оны да анықтай алатындай, құжатсыз сатылған мал болса, тексеріп, анықтайтындай болу керек», — деді Анас Баққожаев.
Депутаттың екінші ұсынысы – Әкімшілік құқық бұзу кодексінің 147-бабын қайта қарап, латифундистер мен барымташылардың малды заңсыз қамауына жол бермеу мәселесіне арналды. Оның айтуынша, малды егінге түсті деген сылтаумен бөтен қораға қамап, соңында сойып сатып жіберулері мүмкін. Дәл осындай дерек тіркелген көрінеді.