Қызылорда облысында күрішке орақ түсті. Сыр диқандары жақсы шыққан өнімді төкпей-шашпай жинап алуға барын салып жатыр. Біз барған екі шаруашылықтың да егіс алқабындағы алғашқы шабылған өнім гектарына 80 центнерден айналған екен. Шаруа қожалық басшыларының айтуынша, биыл сәл су тапшылығы сезілген. Соған қарамастан қамбалары астыққа толатынына сенімді. Олардың көктемде егінді уақытында егіп, күзде дер кезінде жинап алуларына көп көмегі тиген Аграрлық несие корпорациясы. Осы тұста айта кету керек, биылғы егіс науқанын қаржыландыруға Президенттің пәрменімен қомақты қаржы бөлінген болатын. Мәселен, Аграрлық несие корпорациясы қазіргі уақытта 500 млрд теңгеге жуық қаржыны 7,6 мыңнан астам фермерге берген. Олар бұл қаражатты тұқым, тыңайтқыш, қосалқы бөлешектер және басқа да егін егуге қажет ресурстарды сатып алуға жұмсаған. Корпорацияның егін егетін шаруаларды жеңілдікпен қаржыландыратын «Кең дала 2» деген бағдарламасын Қызылорда облысының диқандары да тиімді пайдаланған.
Жалағаш ауданының Мақпалкөл ауылдық округіндегі «ЕР-ӘЛІ» шаруа қожалығының басшысы Әліби Бекжанов Аграрлық несие корпорациясының Қызылордадағы филиалынан жоғарыда айтқан «Кең дала 2» бағдарламасы арқылы жеңілдетілген несие рәсімдеп, 1800 гектарға күріш еккен.
«Биыл Аграрлық несие корпорациясынан 5 пайызбен несие алдық. Біз сияқты шаруалар үшін бұл өте тиімді. Осы қаржының көктемде егінді дер кезінде егіп алуымызға, міне күзде жиын-терім жұмыстарымызды уақытында атқаруымызға көп көмегі тиді. Сонымен қатар кепілдік мәселесі де жылдам шешілді. Алған қаржымыздың 85 пайызына «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры кепілдік берді. Қалған 15 пайызына ғана өзіміздің мүлігімізді кепілге қойдық. Жалпы мемлекет тарапынан фермерлерді қолдау шаралары жыл сайын жақсарып келеді», — дейді «ЕР-ӘЛІ» шаруа қожалығының басшысы Әліби Бекжанов.
Сырдария ауданының Шаған ауылындағы «Шаған Жер» ЖШС жыл сайын Аграрлық несие корпорациясының қаржылай қолдауына ие болатын компаниялардың бірі. Биыл 2 900 гектарға күріш еккен шаруашылық «Кең дала 2» бағдарламасының игілігін көрген.
«Аграрлық несие корпорациясынан «Кең дала 2» бағдарламасы бойынша алынған қаражатты жанар-жағар майға, техникалардың саймандарын, тұқым алуға, сосын судың өтемақысын төлеуге жұмсадық. Биыл Маршал деген жаңа тұқым сатып алып ектік. Шығымы жақсы. Орта есеппен гектарына 80 центнерден айналып жатыр», — дейді «Шаған Жер» ЖШС басшысының кеңесшісі Әбдікәрім Серікбаев.
Қызылорда облысындағы егін егетін фермерлерді қолдауға қанша қаржы бөлінгені жөнінде аймақтағы филиал директорынан сұраған едік.
«Биыл Аграрлық несие корпорациясының Қызылорда облысындағы филиалына «Кең дала» және «Кең дала 2» бағдарламалары бойынша 13,5 млрд теңге бөлінді. Бүгінгі таңда 7 млрд теңгеден астам сомамен егін егетін 94 фермерді қаржыландырдық. Осының есебінен 43 мың гектардан астам егіс алқабына егін егіліп, қазір жаппай астық жинау науқаны жүріп жатыр. Корпорация нағыз еңбек адамдарын, егін егетін, мал өсіретін шаруаларды, ауыл шаруашылығы тауарын өңдейтін кәсіпорындарды әрқашан қолдауға дайын. «Кең дала 2» бағдарламасы бойынша 2026 жылдың егіс науқанын ерте қаржыландыруға өтінім қабылдау биыл жыл соңында басталады», — дейді «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ Қызылорда облысы филиалының директоры Жанар Прешова.
Күні кеше ғана ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған жолдауында ауыл шаруашылығын жаңа деңгейге көтеру қажет екенін және қомақты қаржы бөлінгенін айтқан болатын.
«Бұл салаға тың серпін беру үшін қомақты қаражат бөлінуде, биыл шаруаларды қолдауға бір триллион теңге жұмсалды. Қажетті несиелер уақытында берілді. Мұндай ауқымды қолдау елімізде бұрын-соңды болмаған», — деді Мемлекет басшысы.
Сурет: Agrotrend.kz