Күнбағыс майының 156 тонна болатын алғашқы партиясы Шығыс Қазақстан облысынан Қытайдың Цзянсу провинциясындағы Нантонг қаласына жөнелтілді, деп хабарлады Ауыл шаруашылығы министрлігі. Тасымалдау «ҚТЖ» ҰК» АҚ мен Майлы дақылдарды қайта өңдеушілердің ұлттық қауымдастығының қатысуымен ұйымдастырылды.
Жүк жөнелтуші – Altyn Shyghys май зауыты. Маршрут Қазақстан мен Қытай арасындағы негізгі сауда бағыттарының бірі саналатын Достық – Алашанькоу шекара өткелі арқылы өтеді.
Контейнерлер Қазақстан мен Қытай теміржол әкімшіліктерінің техникалық талаптарына сәйкес флекстанкпен жабдықталды. Флекстанк – сұйықтықтарды тасымалдауға арналған икемді резервуар, ол логистиканы оңтайландырып, шығындарды азайтуға және жүктің өңделу уақытын қысқартуға мүмкіндік береді.
Бұл «ҚТЖ» ҰК» АҚ мен «КЖД» компаниялар тобының келісімі аясында жүзеге асқан пилоттық жобаның бір бөлігі. Бұл бастама ITC, QazTrade, салалық министрліктер және өзге серіктестермен бірлесе әзірленген 2026–2028 жылдарға арналған май өнімдері экспортын дамыту жол картасына енгізілген.
Жобаның басты мақсаты – 2028 жылға қарай 1 млрд АҚШ долларынан астам валюталық түсімді қамтамасыз ету. Контейнерлік тасымалдарды дамыту Қытайға, Таяу Шығыс елдеріне (БАӘ, Катар, Кувейт, Сауд Арабиясы), сондай-ақ Оңтүстік Кавказға (Әзербайжан, Армения) экспортты кеңейтуге қосымша мүмкіндік береді.
Сурет: АШМ