Еліміздің өңірлерінде 373 ветеринар дәрігердің орны бос тұр, аумақтық инспекцияларда тағы 185 вакансия бар. Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен жиында айтылды, деп хабарлады Ауыл шаруашылығы министрлігінің ресми сайты.
Ветеринарлық және фитосанитариялық қауіпсіздік мәселелері көтерілген жиында ветеринариялық қызмет мамандарының мәртебесін арттыру мәселесіне ерекше назар аударылды. Бүгінде өңірлерде 373 ветеринар дәрігердің орны бос тұр, аумақтық инспекцияларда тағы 185 вакансия бар. Тіпті 1 млн теңге көлеміндегі еңбекақы да мамандарды жұмысқа тартуға әрдайым мүмкіндік бермей отыр.
Мамандықтың тартымдылығын арттыру үшін ветеринарлардың жалақысын көтеру көзделген. Бұған қоса, Ғылым және жоғары білім министрлігімен бірлесіп кешенді шаралар әзірленуде.
Олар:
• ветеринария мамандықтары студенттерінің стипендияларын арттыру; 2026–2029 жылдары грантқа қабылдауда өту балын кезең-кезеңімен көтеру;
• ауыл жастарына және шағын қала тұрғындарына арналған квоталарды кеңейту;
• салалық пәндер тізбесін жаңарту және ЖОО-лардың материалдық-техникалық базасын нығайту;
• квоталанған гранттарды бөлу тәртібі мен мерзімдерін жетілдіру;
• мемлекеттік грант есебінен оқығандар үшін ауылдық жерде кемінде 3 жыл міндетті жұмыс істеу талабын енгізу.