Түркістан облысында 5 мың басқа арналған бордақылау кешені іске қосылды, деп хабарлады Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі. Сайрам ауданындағы бордақылау алаңы мен ет комбинатының құрылыс жобасын «KAZ ECO MEAT» ЖШС іске асырды.
Жылына 10 мың тоннаға дейін ет өңдеуге бағытталған жобаның жалпы құны – 8,5 млрд теңге.
Кәсіпорында Беларусь, Қытай және Түркиядан жеткізілген заманауи жабдықтар орнатылған. Өндірістің барлық кезеңінде озық технологиялар енгізілген. Мал бордақылау үдерісін тиімді және тұрақты жүргізуге мүмкіндік беретін автоматтандырылған азықтандыру жүйесі бар.
Ет өнімдерін кешенді өңдеу мақсатында қан жинау және өңдеу қондырғылары, сондай-ақ сүйек өңдеуге арналған жабдықтар іске қосылып, қалдықсыз өндіріс циклі қолға алынған.
Ет комбинаты халықаралық сапа стандарттарына сәйкес келеді және өнім экспорттауға бағытталған. Шикізат ретінде жергілікті фермерлік шаруашылықтардан, сондай-ақ еліміздің солтүстік өңірлерінен жеткізілетін ірі қара мал пайдаланылады.
Сурет: АШМ